Майгүл Қазтұрғанова 1951 жылы қазіргі Жетісу облысы Ескелді ауданы Еңбек ауылында дүниеге келген.
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі
ERNUR.KZ. Мәдениет және ақпарат министрлігі белгілі әнші, Қазақстанның халық әртісі Майгүл Ибрагимқызы Қазтұрғанованың дүниеден өтуіне байланысты марқұмның отбасы мен туыстарына, туған халқына қайғыра көңіл айтады, деп жазады inbusiness.kz.
"Майгүл Ибрагимқызы – қазақтың дәстүрлі ән өнерін өркендетуге үлес қосқан қайталанбас дауыс иесі, ұлт мақтанышы еді. Ол халықтық және кәсіби композиторлардың таңдаулы туындыларын асқан шеберлікпен орындап, ұлттық мәдениетіміздің бай қазынасын әлемге танытты. Өнер жолын әйгілі Нұрғиса Тілендиевтің жетекшілігіндегі "Отырар сазы" фольклорлық-этнографиялық оркестрінде бастаған Майгүл Ибрагимқызы өмір бойы қазақ өнерінің абыройын асқақтатуға адал қызмет етті. Оның орындауындағы шығармалар ел жүрегінен орын алып, қазақ музыка мәдениетінің алтын қорына қосылды. Өмірін ұлттық мәдениет пен руханиятқа арнаған абзал жанның адамдық болмысы, өнерге деген шексіз сүйіспеншілігі мен ізгілігі кейінгі буын жастарға өшпес өнеге болып қала бермек. Майгүл Ибрагимқызының жарқын бейнесі, шығармашылық мұрасы ұлт жадында мәңгі сақталады деп сенеміз. Марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын! Алланың рақымы мен мейірімі жолдас болып, рухы пейіште шалқысын!", – делінген министрлік хабарламасында.
Майгүл Қазтұрғанова 1951 жылы қазіргі Жетісу облысы Ескелді ауданы Еңбек ауылында дүниеге келген.
1980 жылы Құрманғазы атындағы Алматы Мемлекеттік консерваториясының әншілік-хор факультетін (Н.Д. Юмашевтің жетекшілігімен) бітірген. Өзінің шығармашылық жолын "Отырар сазы" фольклорлық-этнографиялық ансамблінде жеке әнші ретінде бастаған.
Кейін бұрынғы Талдықорған облысы филармониясы жанындағы "Алтын дән" ансамблінің әншісі болып жұмыс істеген.
1998 жылдан бастап Н.Тілендиев атындағы оркестрдің соло-әншісі болған.
Майгүл Қазтұрғанова 1994 жылы Пхеньянда өткен Дүниежүзілік фестивальда жеңімпаз атанған. Ол "Отырар сазы" ансамблінің құрамында Ирак, Германия, Франция, Қытай, Түркия, Корея, т.б. елдерде қазақ өнерін әлемге паш еткен.
1995 жылы ҚР Халық әртісі атағын алған.