Қазақстанның мемлекеттік рәміздері Дүниежүзілік Арктика мұрағатына орналастырылды

0
496

Файлдар Дүниежүзілік Арктика мұрағатын басқаратын «Piql» компаниясының арнайы технологиясымен алдын ала архивацияланған болатын.


Қазақстанның мемлекеттік рәміздері Дүниежүзілік Арктика мұрағатына орналастырылды

ERNUR.KZ. Қазақстанның Норвегиядағы Елшісі Еркін Ахинжанов норвегиялық Свалбард провинциясының (Шпицберген архипелагы) әкімшілік орталығы – Лонгйир қаласына іс-сапармен барды, деп жазады ҚазАқпарат.

Свалбард халықаралық ғылыми-зерттеу қауымдастығы үшін ерекше мағынаға ие. Солтүстік полюске жақын орналасқандығына және бірегей климаттық жағдайға байланысты бұл жерде бірнеше елдің ғылыми стансалары және телекоммуникация, метеорология, сейсмология, ғарыштық зерттеулер мен т.б. салаларындағы бірқатар маңызды жоғары технологиялық объектілер жұмыс жасайды.

«Биыл Қазақстан Тәуелсіздігінің 30-жылдығын атап өтеді. Бүгінгі таңда біздің ел посткеңестік кеңістіктегі екінші, ал Орталық Азиядағы ең ірі экономика. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен қоғамдық-саяси мен экономикалық салаларда кешенді реформалар жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, еліміз халықаралық әріптестікдің жаңа мүмкіндіктерін белсенді түрде зерттеуде. Біз Свалбардтың жетекші компанияларымен инвестициялық және ғылыми-техникалық ынтымақтастықты талқылау үшін келдік», - деді Е.Ахинжанов Свалбард губернаторының міндетін атқарушы Сөлви Элведалмен өткен кездесу барысында.

Сапар аясында Свалбардтағы Дүниежүзілік тұқым қоймасының үйлестірушісі Осмунд Асдалмен, сондай-ақ жердегі «SvalSat» жерсерік стансасының директоры Майя-Стина Экстедтпен мазмұнды кездесу өтті. Ғылым, технология және білім салаларындағы өзара іс-қимыл мәселелері Свалбардтағы Университет орталығы мен Норвег полярлық институтында талқыланды.

Осымен бірге қазақстандық делегация тарихи мен мәдени тұрғыдан мағыналы, маңызды ірі деректер, зияткерлік меншік және т.б. ақпараты бар цифрлық деректерді сақтайтын Дүниежүзілік Арктика мұрағатына (AWA) барды. Мәліметтер 500 жылдан астам қызмет ете алатын құрылғыларда сақталады, олар мәңгі тоңда тереңдегі болат қоймаға орналастырылған.

Қазақстанның Ұлттық рәміздері күні қарсаңында Мемлекеттік ту, Елтаңба, Әнұран, Конституция және 1991 жылғы 16 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» заңы бар ақпараттық файлдар аталған мұрағатқа орналастырылды. Файлдар Дүниежүзілік Арктика мұрағатын басқаратын «Piql» компаниясының арнайы технологиясымен алдын ала архивацияланған болатын.