Қазақстанның түлектері болашақта ҰБТ сертификатымен кез келген шетелдік университетке оқуға түсе алады

0
100

Пилоттық жоба 2027 жылы басталады.


Қазақстанның түлектері болашақта ҰБТ сертификатымен кез келген шетелдік университетке оқуға түсе алады

Фото: Pixabay.com

ERNUR.KZ. Ұлттық бірыңғай тестілеу халықаралық тестке айналғаннан кейін қазақстандық талапкерлер ҰБТ сертификатымен шетелдік жоғары оқу орындарына түсе алады. Бұл туралы ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Министр 2026 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеудің қазіргі форматы өзгермейтінін атап өтті. Бірақ алдағы бес жыл ішінде ҰБТ мазмұны мен әдістемесі халықаралық стандарттарға сәйкестендіріліп, оның сертификаты шетелдік университеттер үшін де жарамды болады.

«Біздің мақсатымыз – ҰБТ жүйесін халықаралық тест қабылдау форматына көшіру. Болашақта жұмысты дұрыс ұйымдастырып, әдістемені енгізген жағдайда біздің талапкерлер ҰБТ тапсырып, сол сертификатымен кез келген шетелдік университетке тапсыра алады. Бұл бес жылға созылатын жұмыс. 2027 жылдан бастап пилоттық жоба енгізіледі. Талапкерлерге таңдау мүмкіндігі беріледі, яғни олар ескі жүйемен немесе жаңа жүйемен тапсыра алады. Жаңа модель ақырындап аяққа тұрып, толыққанды қолданылған жағдайда ғана жаңа форматқа көшеміз», - деді Саясат Нұрбек Мәжіліс кулуарында.

Оның айтуынша, ҰБТ-ны қай тілде тапсыратынын да түлектердің өздері шешеді.

Естеріңізге салайық, жуырда Нью-Йоркке жұмыс сапары барысында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Educational Testing Service (ETS) компаниясының басшылығымен ҰБТ-ны халықаралық тестке айналдыру мәселесін талқылады. Америкалық ETS компаниясының сарапшылары ҰБТ мазмұны мен әдістемесін өзгертуге көмектеседі.