“Қазақтелеком” өз корпоративтік университетін құрып, IT мамандарын дайындайды

0
451

Цифрландыру саласының таланттарын дайындау мақсатында компания білім беру инфрақұрылымын нығайтуға бет бұрды.


“Қазақтелеком” өз корпоративтік университетін құрып, IT мамандарын дайындайды

ERNUR.KZ. Технология заманы қарыштап дамып тұрған уақытта IT мамандарға сұраныс өсетіні заңды. Осы ретте еліміздегі ең ірі байланыс операторы бұл мәселеге атсалысуды қолға алған. Цифрлық саланың нағыз шеберлерін даярлау мақсатында еліміздегі жетекші университеттердің бірі Astana IT University базасында компания өз Корпоративтік университетін құратын болды, деп жазады stan.kz.

Цифрландыру саласының таланттарын дайындау мақсатында компания білім беру инфрақұрылымын нығайтуға бет бұрды. Осы арқылы кадрларының біліктілігін арттырып, білім ордаларының дарынды түлектерін жұмысқа тартпақ.

12 шілдеде "Қазақтелеком" АҚ-тың Astana IT University-мен бірлескен Корпоративтік университетінің тұсаукесері өтті. Университет өз кезегінде CISCO, HUAWEI, Microsoft, EnterpriseDB Corporation, KASPERSKY, Samsung сияқты жетекші әлемдік вендерлердің серіктесі екенін атап өткен жөн.

"Қазақтелеком" АҚ басқарма басшысы Қуанышбек Есекеев күн сайын цифрлық әлемнің өзгеріп жатқанын ұғынғандықтан, бұл мәселе компания үшін маңызды қадам екенін атап өтті. Сөзінше, клиенттік транзакциялардың 80%-дан астамын цифрлық жүйеге ауыстыруды көздеп отыр.

"Ол үшін бізге бизнес-процестерді цифрландыру бойынша идея ұсынатын қабілетті қоғамдастықтар қажет. Сондықтан біз Astana IT University университетін таңдадық. Енді ол Қазақстанның цифрлық трансформациясының драйверіне айналады", – деді басқарма басшысы өз сөзінде.

Жоба бойынша енді IT, HSE (еңбекті қорғау), көшбасшылық, менеджмент, деректер ғылымы, сату және сервис саласы бойынша 9 оқу бағыты жүзеге асырылады.

Нарықта жоғары сұранысқа ие қызметкерлерді өсіруге бағытталған тағы бір жоба іске қосылған. Бұл JAS Academy компаниясы ұсынатын персоналды дамыту жобасы. Осы арқылы студенттер "Қазақтелеком" сияқты ірі компанияларда және басқа да нарықтық құрылымдарда жұмысқа орналасуға кепілдік алады.

AITU ректоры Дархан Ахмед-Заки мұндай мүмкіндік үшін алғысын айта отыра, екі тараптың серіктестігі тек компания мен университет үшін ғана емес, Қазақстан үшін де пайдалы болатынына сенім білдірді.

"Қазақтелеком” Қазақстандағы ең озық жүйелердің бірі ретінде өзін көрсетіп келеді және біздің де бұл серіктестікке құлшынысымыз зор. Білім беру жобаларына ғана емес, сонымен қатар бірлескен цифрлық интеллектуалды шешімдерді әзірлеуге ықыласымыз бар”, – деді университет басшысы.

Екі тарап үшін пайдалы болатын тағы бір мүмкіндік, енді "Қазақтелеком" мен AITU компания қызметкерлерінің 12 мен 15 жас аралығындағы балалары жазғы IT-лагерге бару мүмкіндігіне ие болады. Осылайша 600-ге жуық жасөспірім биыл жазда бағдарламалау, веб-әзірлеу және робототехника негіздеріне үйрене алады.

Бұл арқылы “Қазақтелеком” компаниясы қызметкерлердің балаларынан бастап студенттерге дейін IT мамандыққа деген қызығушылықты оятуды көздеп отыр.

“Балалардың кәсіби салада өзін-өзі табуына көмектесуіміз қажет. Осы жоба арқылы біз мектеп оқушыларының білім беру бағытын кеңейтіп қоймай, арынды жастарды тарту бойынша бірақатар іс-шараларды жүргіземіз", – дейді "Қазақтелеком" АҚ кадрлар жөніндегі басқарушы директоры Берік Битабаров.