«Ер-азамат үнемі сыйлық жасап қуантып тұруы керек»
"Қыз-келіншектер отбасындағы мәселені құрбысына айтып бөліскенді, олардан ақыл-кеңес алғанды дұрыс көреді. Бірақ сол дұрыс емес екен" дейді жас келіншек. ERNUR.KZ порталының тұрақты оқырманы өз ойын бөлісіпті.
"Көптеген қыз-келіншектер отбасындағы ұсақ-түйек не күрделі мәселе болсын, оны арнайы маманға айтқаннан гөрі, құрбысынан ақыл-кеңес алғанды дұрыс көреді. Мен де сондай болдым. Бірақ сол дұрыс емес екен.
Күйеуге шыққан алғашқы жылдары құрбыларыммен көп кездесетін едім. Күйеуіммен арада болғанның бәрін айтамын. Ұнамаған нәрселерге шағымданамын.
Олар да «Отбасылы еркектің кешкісін жалғыз шығуы дұрыс емес, қасынан қалма», «Аңқау болма, күйеуіңді осы бастан алдап-сулап ұста», «Келсеңші, кездесейік. Күйеуіңе ештеңе айтпай-ақ қой, одан бұрын қайтамыз, білмей қалады», «Сен үйден шықпайсың, құрбыларыңмен кездесуге сұранасың, ал ол жұмыста өзге әріптестерімен тамақтанса сенен сұрана ма?», «Ер-азамат үнемі сыйлық жасап қуантып тұруы керек» деген сияқты ақыл-кеңестерімен отқа май құяды.
Әдейі емес шығар, әрине. Маған жақсы болсын дегеннен, сол жастағы көзқарасымыз, пікіріміз сондай болғаннан шығар. Өйткені жалғыз мен емес, олар да сондай мұңын шағады, арасында мен де ақыл айтамын дегендей. Бір-бірімізді тыңдаймыз деп күйеулерімізбен келіспей қалатын, ұрсып қалатын кездеріміз болды.
Кейінірек түсіндім ғой, жеке арақатынаста құрбылардың ақыл-кеңесі артық болады екен. Себебі әр нәрсенің өзінің шекарасы бар, соның ішінде достықтың да."


