Қазақтың тұңғыш антропологы Оразақ Смағұлов дүниеден өтті

0
151

Ғалымның зерттеулері қазақ халқының этногенезі мен этникалық тарихына арналған


Қазақтың тұңғыш антропологы Оразақ Смағұлов дүниеден өтті

фото: Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрлігі

ERNUR.KZ. Қазақтың тұңғыш антропологы Оразақ Смағұлов 96 жасында дүниеден өткені туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлады.
Қазақ антропология мектебінің негізін қалаушы, аса көрнекті ғалым Оразақ Смағұлов бар ғұмырын халқының арғы тегін, түп-тұқиянын зерттеуге арнап, отандық ғылым саласының дамуына өлшеусіз еңбек сіңірген тұлға, дейді министрлікте.
"Ол еліміздегі тұңғыш этникалық антропология зертханасын ашып, соңынан ерген шәкірттерімен бірге тұтас бір ғылыми мектеп қалыптастырды. Ғалымның еңбектері халқымыздың тарихи болмысын, этногенезін және ғасырлар бойы қалыптасқан антропологиялық ерекшеліктерін терең зерделеуге жол ашты", - деп жазылған министрлік хабарламасында.
Қазақтан шыққан тұңғыш антрополог
Оразақ Смағұлов 1930 жылғы 1 қазанда Қостанай облысы, Меңдіқара ауданында дүниеге келген.
Ол - кеңестік және қазақстандық ғалым, қазақтан шыққан тұңғыш антрополог, Қазақстандағы антропология ғылыми мектебінің негізін қалаушы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері.
Оразақ Смағұлов ғылыми мансабында 30-дан астам экспедиция ұйымдастырды және басқарған. Ғалымның зерттеулері қазақ халқының этногенезі мен этникалық тарихына арналған. Ол түрлі зерттеулер жүргізіп, қазақтар генофондының біртұтастығын және 4 мың жылдық тарихын ғылыми негізде дәлелдеген.