"ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының жаңа басшысы тағайындалды

0
535

Бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы жолдардың сапасын сынға алып, "ҚазАвтоЖол" басшысын жұмыстан босатуды тапсырған болатын.


ERNUR.KZ. Асқар Маратұлы "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ басқарма төрағасы болып тағайындалды, деп sputnik.kz.

Асқар Маратұлы 1976 жылы дүниеге келген. Шығыс Қазақстан техникалық университетін инженер-экономист және Л. Гончаров атындағы Қазақ автомобиль-жол университетін инженер мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 1998 жылы Шығыс қазақстан облысы сауда және қызмет көрсету департаментінің инспекторы болып бастаған. Әр жылдары "Қазақавтожол" РМК Қостанай, Қарағанды, Павлодар облыстық филиалдарының директоры болып қызмет еткен.

2007-2012 жылдары Астана қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бастығының орынбасары, көлік және коммуникациялар министрлігінің сарапшысы, Жамбыл облысы бойынша қаржылық бақылау инспекциясы бастығының орынбасары қызметтерін атқарды.

2012-2015 жылдары – Ақмола облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы.

2015-2017 жылдары — Зеренді ауданының әкімі.

2017-2019 жылдары – Ақмола облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы.

Соңғы лауазымы – Ақмола облысы әкімінің орынбасары.

Естеріңізге сала кетейік, 16 сәуірде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмысын дұрыс атқармағаны үшін "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ басқарма төрағасы Ұлан Әліповті қызметінен босатуды бұйырған болатын.