Қажылыққа барғысы келген қазақстандықтар қандай вакцина алуы қажет – Министр түсіндірді

0
548

Жалпы алғанда, қажылыққа бару үшін әр ел өз талабын қояды.


Қажылыққа барғысы келген қазақстандықтар қандай вакцина алуы қажет – Министр түсіндірді

ERNUR.KZ. ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой вакцина алған қазақстандықтардың қажылыққа бару мүмкіндігі туралы айтты, деп жазады Stan.kz.

"Жалпы алғанда, қажылыққа бару үшін әр ел өз талабын қояды. Қазір бізде Sinofarm компаниясының вакцинасы бар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы оны аккредиттеді. Яғни, егер қажылыққа қабылдаушы ел ДДҰ-да тіркелген вакцинаның болуын талап етсе, ондай вакцина бізде бар деген сөз. Соны қабылдап, қажылыққа шыға беруге болады", – деді министр.

Ведомство басшысы қазақстандық QazVac вакцинасын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында тіркеу жұмыстары сәтті өтсе, екпенің осы түрін алғандар да қажылыққа бара алатынын еске салды.

"Өзіміздің QazVac бойынша айтсақ, қазір Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында тіркелу сатысынан өтіп жатқанымызды білесіздер. Вакцина сол жақта тіркеуден өткен бойда, өзге нарықтарға да жолы ашылады. Өздеріңіз білесіздер, Қазақстан өз вакцинасын клиникалық айналымға іс жүзінде шығарған алтыншы мемлекет. Оны түгел өз күшімізбен жасадық", – деп қосты министр.

Цой сонымен қатар дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында тіркелген көптеген елдерде, трансұлттық компанияларда мұндай тіркеу процедуралары жылдар бойында қалыптасып қойғанын айтты.

"Оған арналған арнайы қызметтері де бар. Ал бізде жаңадан сондай жүйе орнатылып жатыр. Біз халықаралық қауымдастықтармен интеграцияланып жатырмыз. Тіркелудің алгоритмдерін пысықтап, құжаттарды қалыптап жатырмыз. Яғни үлкен кезең деуге болады. Бұл - Қазақстан үшін жаңа жол. Бірақ бір жағынан серпіліс деуге болады. Сондықтан, тіркелген бойда бүкіл әлем бойынша қолжетімді болады", – деп түйіндеді Алексей Цой.