Казино және букмекерлік кеңсе иелері үшін қосымша құн салығын төлеу тәртібі өзгерді

0
1 806

Казино, ойын автоматтары залы, тотализатор және букмекерлік кеңсе қызметтері бойынша ҚҚС төлеушілермен шот-фактураларды жазып беру жүргізілмейтінін атап өткен жөн.


Казино және букмекерлік кеңсе иелері үшін қосымша құн салығын төлеу тәртібі өзгерді

ERNUR.KZ. Мемлекеттік кірістер комитеті казино, ойын автоматтары залы, тотализатор және букмекерлік кеңсе қызметтері бойынша қосымша құн салығын (ҚҚС) төлеушілерге қатысты мәлімет таратты, деп жазады ҚазАқпарат.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес-ортаны дамыту және сауда қызметін реттеу туралы өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2019 жылғы 2 сәуірдегі Заңы бойынша, Салық кодексіне казино, ойын автоматтары залы, тотализатор және букмекерлік кеңсе қызметтері бойынша ҚҚС есептеу және төлеу тәртібі бойынша өзгерістер енгізілді. Өзгерістер 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енді.

Егер 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап салық төлеушілерде казино, ойын автоматтары залы, тотализатор және букмекерлік кеңсе қызметтері бойынша айналымдар ең аз мөлшердегі айналымнан (30 000 еселенген АЕК) асатын болса, онда мұндай салық төлеуші ҚҚС төлеуші ретінде міндетті түрде тіркелуге жатады. Казино, ойын автоматтары залы, тотализатор және букмекерлік кеңсе қызметтері бойынша ҚҚС төлеуші мынадай тәртіппен ҚҚС есептейді:

- айналым мөлшерi осындай қызметті жүзеге асыру нәтижесiнде салық кезеңi үшiн алынатын кірістер сомасы бойынша айқындалады;

- есепке жатқызуға рұқсат етiлген сома тек салық салынатын айналымнан қосылған құн салығының сомасының 85% мөлшерiнде айқындалады;

- салық кезеңі үшін бюджетке төленуге жататын ҚҚС сомасы салық салынатын айналым ҚҚС мен есепке жатқызуға рұқсат етілген сомасы арасындағы айырма ретінде анықталады.

Казино, ойын автоматтары залы, тотализатор және букмекерлік кеңсе қызметтері бойынша ҚҚС төлеушілермен шот-фактураларды жазып беру жүргізілмейтінін атап өткен жөн. ҚҚС бойынша міндеттемелер ойын бизнес салығы және тіркелген салық бойынша декларацияда (710.00 нысан) көрсетіледі.

Осыған байланысты, «Салық есептілігіне өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы қаржы министрінің бұйрығы бекітілмеген, ҚҚС бойынша міндеттемелер ойын бизнесі салығы және тіркелген салық бойынша декларациясының (710.00 нысан) жаңа нұсқасын жариялауға дейін 2019 жылдың 1-тоқсаны үшін ҚҚС бойынша салық міндеттемелерін уақтылы орындауды қамтамасыз ету үшін мынадай қалпында ҚҚС бойынша декларацияда (300.00 нысан) көрсетіледі.

Қызметті жүзеге асыру нәтижесінде салық кезеңі үшін алынатын кірістер сомасы бойынша белгіленген өткізу бойынша айналым 300.00.001 А жолында көрсетіледі, мұндай айналымның ҚҚС сомасы 300.00.001 В жолында көрсетіледі. Салық салынатын айналым (300.00.001 В) бойынша ҚҚС сомасының 85% мөлшерінде айқындалатын ҚҚС есепке жатқызуға рұқсат етілген 300.00.025 II жолында көрсетіледі. Салық кезеңі үшін ҚҚС есептелген сомасы айналымдағы (300.00.001 В) ҚҚС сомасы мен ҚҚС есепке жатқызуға (300.00.025 II) рұқсат етілген сомасы арасындағы айырма ретінде анықталады және 300.00.030 І жолында көрсетіледі.