Кейінгі алты жылда 800 бала сексуалды зорлыққа ұшыраған

0
586

Қоғамдық қор белсенділерінің айтуынша, тіркелген әрбір бес істің екеуі ғана сотқа жеткен.


Кейінгі алты жылда 800 бала сексуалды зорлыққа ұшыраған

ERNUR.KZ. Қазақстанда кейінгі 6 жылда 800 бала сексуалды зорлық көрген. Бұл туралы "Немолчи" қоғамдық қоры өткізген іс-шарада айтылды, деп жазады sputnik.kz.

Қоғамдық қор белсенділерінің айтуынша, тіркелген әрбір бес істің екеуі ғана сотқа жеткен. Баласы сексуалды зорлық көрген ата-аналар әділеттілікке жете алмайды. Іс-шараға жиналған ата-аналар құқық қорғау органдары өз міндетін дұрыс атқармайды дейді.
"2022 жылы тамызда Бурабай ауданындағы "Миротворец" балалар лагерінде менің балама екі рет сексуалды зорлық жасалған. Лагерь басшылығы бұл жағдайды маған айтпаған. Сотқа дейінгі тергеу кезінде құқық қорғау органдары тарапынан көптеген заңбұзушылық болды", - дейді жәбірленушінің анасы.
Ал Алматы облысында 10 жастағы баладан жәбір көрген 7 жастағы баланың анасы Айман да әлі күнге әділеттілікке жете алмай жүргенін айтады.
"Сот жәбір көрсеткен оқушыны арнайы мектепке орналастыру туралы шешім шығарудан бас тартты. Сот отырысы ашық бола тұра бізді қатыстырмады. Менің балама сексуалды зорлық көрсеткен оқушының ата-анасына 20 АЕК көлемінде айыппұл салды, сонымен іс бітті. Зорлық жасаған бала жасы 11-де болғандықтан еш қылмыстық іс қозғалмайды. Сайып келгенде біздің құқымызды құқық қорғау органдары таптап отыр", - дейді жәбірленушінің анасы Айман.
Ал балалардың құқын қорғаушы адвокаттардың айтуынша, құқық қорғаушылар істі тездетіп жабуға асығады.
"Суицид деп құқық қорғау органдары құтыла салғанды жөн көреді, тезірек істі жапқысы келеді. "Өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу" деген бапты жаппай қолдана береді. Баласының құқы тапталған ата-ана істі аяғына дейін жеткізу керек", - дейді жәбірленушілердің бірінің адвокаты Саида Сүлейменова.
Адвокаттар мен ата-аналардың айтуынша, сот медициналық сараптама да сапасыз, атүсті жасалады.
"Мемлекеттік сот сараптамасының сапасы төмен. Ал жекеменшік сараптама шешімінің Қазақстанда еш мәртебесі жоқ. Қазақстандағы құқық қорғау органдарында өз ісін білмейтін полиция мен тергеушілер жұмыс істейді", - дейді екі бірдей жәбірленушінің адвокаты Роза Ким.
"Немолчи" қоры өткізген жиынның мақсаты – Қазақстандағы бала құқын таптайтындардың жолын кесу, тоқтату. Алайда іс-шараға құқық қорғау органдарынан арнайы шақыртылған бір де бір жауапты маман келмеді. Ал жиналғандар сексуалды зорлық-зомбылыққа қатысты заң қатаң болмайынша, дабыл қаққандарын тоқтатпайтынын айтты.