Биыл қыркүйек айының басында жеке қаражат есебінен «Көк - Төбе» саябағына дейін ұзындығы 1,2 шақырым жаяу жүргіншілер жолын салу жұмыстары басталған.
ERNUR.KZ. Алматыда көпке танымал орындар мен саябақтар абаттандырылатын болады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Медеу ауданының әкімі Еркебұлан Оразалин айтты, деп жазады inform.kz.
Спикердің сөзінше, биыл шілде айында жеке қаражат есебінен сәулет ескерткіші ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы ғимаратын күрделі жөндеу жұмыстары басталған. Жобада сондай-ақ Ғылым академиясына іргелес аумақтағы Шоқан Уәлиханов атындағы алаң мен Шевченко көшесі жағынан іргелес жатқан скверді абаттандыру көзделген. Қазір жұмыстар 90%-ға аяқталды.
«Осыған ұқсас жұмыстар Ғылым академиясы ғимаратына іргелес Пушкин көшесіне жақын алаңда да жүргізілуде. Бұл жоба «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында жүзеге асуда. Үш алаңдағы жұмыстар жыл соңына дейін аяқталады. Сондай-ақ, қала нышандарының бірі «Көктөбе» телемұнарасын сәулеттік-көркемдік жарықтандыру жұмыстары жоспарланған. Құрылыс-монтаждау жұмыстары 2024 жылдың қаңтар айында басталып, мамыр айында аяқтау жоспарлануда», - деді спикер.
Қоғамдық кеңістіктерді дамыту аясында «Самал-1» шағын ауданында орналасқан «Журналистер» саябағын реконстркциялау жұмыстары жыл соңына дейін жүргізіледі. «Алатау» шағын ауданы тұрғындарының өтінішімен биыл Ибрагимов көшесінде скейт-парктің құрылысы басталды. Жұмыстар жыл соңына дейін аяқталады.
«Аяқталу сатысында тұрған келесі жоба ол – Достық даңғылынан «Есентай» өзеніне дейінгі Оспанов көшесіндегі жаяу жүргіншілер аймағы. Жоба аясында ұзындығы 500 метрге жуық тротуар жолы кеңейтілді. Жаяу жүргіншілер аймағының басты ерекшелігі 80 суретшінің көркем композицияларымен безендірілген граффити қабырғасы болды», - деді Еркебұлан Оразалин.
Ол биыл қыркүйек айының басында жеке қаражат есебінен «Көк - Төбе» саябағына дейін ұзындығы 1,2 шақырым жаяу жүргіншілер жолын салу жұмыстары басталғанын айтты. Бүгінгі күні жол салу және асфальттау бойынша негізгі жұмыстар жасалды. Жарықтандыру мен басқа да жұмыстар 2024 жылдың көктемінде аяқталады.
Биыл сондай-ақ «Көк базарды» жаңғырту жұмыстары басталды. Желілерді қайта жаңарту жүргізілуде, орталық кіреберістің алдында бетон жабындысын жаңарту, тірек конструкцияларын күшейту, аумақты абаттандыру жоспарлануда. Жұмыстарды 2025 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.