«Келешек» жинақтаушы жүйесіне мемлекеттік сыйлықақы есептелетін болады

0
146

​Мәжіліс депутаты «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтаушы жүйесінің бірнеше маңызды артықшылығын атады.


«Келешек» жинақтаушы жүйесіне мемлекеттік сыйлықақы есептелетін болады

Фото: istockphoto.com

ERNUR.KZ. Мәжіліс депутаттары ақпарат, қоғамдық даму, мәдениет және мұрағат ісі саласындағы жекелеген құзыреттердің артық регламенттелуін болдырмау туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Үкімет заң жобасына мемлекет басшысының «мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту» туралы Жарлығын іске асыру шеңберінде бастамашылық етті. Заң жобасының негізгі мақсаты – қолданыстағы заңнаманы жетілдіре отырып, ақпарат, қоғамдық даму, мәдениет және мұрағат ісі саласындағы жекелеген құзыреттердің артық регламенттелуін болдырмау. Мәжіліс депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Құдайберген Бексұлтанов депутаттық сауалында осы мәселе туралы қозғады.

«Біріншіден, уәкілетті мемлекеттік орган қызметінің негізгі мақсат-міндеттері мен қағидаттарын айқындай отырып, реттелетін нормалардың саны қысқартылды. Екіншіден, негізгі міндеттерді іске асыру үшін қажетті функциялардың бір бөлігі заңға тәуелді деңгейге ауыстырылады, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың бірқатар құзыреті нақтыланады. Бұдан басқа, заң жобасында «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтаушы жүйесінің қызметін құқықтық реттеуді регламенттейтін нормалар көзделген, ол ата-аналарға балаларының білім алуына капитал қалыптастыруда қаржылық қолдауды қамтамасыз етуге арналған. Бұл біздің еліміздегі білім беру тәсілін шынымен өзгертетін және болашақ ұрпақ үшін қосымша мүмкіндіктер беретін бастама», - деді депутат.

Осыған байланысты ол «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтаушы жүйесінің бірнеше маңызды артықшылығын атап өтті.

«Келешек» жүйесі ата-аналарға мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне қатысушы банкте шот ашуға мүмкіндік береді. Мемлекет өз кезегінде біржолғы бастапқы капиталды ұсынады. Ата-аналардан жыл сайынғы ең төменгі жарналарды төлеу сұралады. Бұл ретте, салымдарға мемлекеттік сыйлықақы есептелетін болады, бұл инфляцияны ескере отырып, жинақтардың өсуіне ықпал етеді. Оқу үшін, оның ішінде шетелде де жинақтарды пайдалану мүмкіндігі ұсынылды. Бұл ретте, білім беру грантын алған жағдайда, тұрғын үй сатып алуға немесе білім берудің басқа деңгейін алуға жинақтарды пайдалануға болады», - деді ол.

Заң жобасы мүдделі министрліктер мен ведомстволар өкілдерінің, қоғамдық бірлестіктер мен сарапшылардың қатысуымен комитеттің кеңейтілген отырысында жан-жақты талқыланды.