Келесі жылы Ұлытау облысында тауық етін өндіретін зауыт іске қосылады

0
681

Аймақта әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тек үшеуі ғана шығарылады.


Келесі жылы Ұлытау облысында тауық етін өндіретін зауыт іске қосылады

ERNUR.KZ. Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады, деп жазады inbusiness.kz.

"Логистикалық шығындардың жоғары болуына және ірі агроқұрылымдардың жоқтығына байланысты еліміздегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының ең жоғары бағасы байқалады. Өңірімізде 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің тізімі бар. Соның үшеуі ғана – ұн, нан және ет бізде өндіріледі. Қалғанының бәрі сырттан әкелінеді. Соның бәрі 10 пайызға қосылып, бағаның өсуіне әкеліп отыр", - деді аймақ басшысы.

Оның айтуынша, осыған байланысты өңірде арнайы жобалар басталып жатыр.

"Ендігі жылдың басында тауық етін, жұмыртқасын шығаратын зауытын қосу керек. Сонда біздің өнім 30 пайызға дейін болады", - деді Берік Әбдіғалиұлы.

Облыс әкімі Ұлытауда басқа өңірлердегі секілді тұрақтандыру қоры құрылғанын жеткізді.

"Оның 1,6 млрд теңге қаражаты бар. Картопты да өзімізде жаба алмай отырмыз. Өйткені суармалы ауыл шаруашылығы бізде мүлдем жоқ. Биыл бұл бағытта бірнеше жоба бастадық. Нәтижесін келер жылы күтіп отырмыз", - деді спикер.