Қарағанды облысының өзінде кәсіби ауруына байланысты мүгедек болып танылған кеншілердің саны 3 мың адамнан асады.
фото: AP Photo / David Goldman
ERNUR.KZ. Көміршілердің салалық одағы кеншілер мәртебесі туралы заң қабылдау қажеттігін мәлімдеді, деп жазады sputnik.kz.
Одақ өкілі Александр Назаренконың айтуынша, бүгінде Қарағанды облысының өзінде кәсіби ауруына байланысты мүгедек болып танылған кеншілердің саны 3 мың адамнан асады. Олар аурумен ғана емес, заңнамалық әділетсіздікпен де күресіп келеді.
"Қазақстанда кеншілердің мәртебесі туралы арнайы заң қабылдау қажет. Соның аясында көмір саласы жұмысшыларының әлеуметтік мәселелерін жүйелі түрде реттеу керек. Лайықты жалақы, өтемақы, әлеуметтік жеңілдіктер, зейнетке мерзімінен бұрын шығу – осының бәрін ескеркен жөн. Өйткені кеншілерді дәрі-дәрмек пен екпенің көмегімен ғана жалпыға ортақ зейнет жасына дейін жұмыс істетуге болмайды", – деді Назаренко Астанада өткен көмір өнеркәсібі форумында.
Оның айтуынша, Қазақстандағы өндірістік жарақат алу қаупі ең жоғары сала – көмір өнеркәсібі. 2025 жылдың қорытындысы бойынша тау-кен және көмір өнеркәсібінде өндірістік жарақатқа байланысты 220 оқиға тіркелген.


