"Хайп емес": Қарағандыда депутат өрттің ішінен ер адамды алып шықты (видео)

0
108

Депутат журналистпен бірге Майқұдықтан келе жатқанда қою түтін шығып жатқанын көрген.


фото: Sputnik / Елена Бережная

ERNUR.KZ. Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты Равиль Садықов өртеніп жатқан ер адамға көмекке ұмтылып, оны қауіпсіз жерге алып шықты. Өкінішке қарай қатты күйіп қалған тұрғын ауруханада көз жұмды, деп жазады sputnik.kz.
Оқиға 17 қазан сағат 14:37-де Қарағанды қаласында Әлихан Бөкейхан ауданындағы 18-ші ықшамауданда болды.
Депутат журналистпен бірге Майқұдықтан келе жатқанда қою түтін шығып жатқанын көрген. Олар үй өртеніп жатыр деп ойлапты. Көлікті тоқтата салып, солай қарай жүгіреді, ол жерде қамыс өртеніп жатқан екен.
"Мен жанталаса жүгірдім. Бір уақытта құтқарыңдар деген адамның даусын естідім. Солай қарай жүрдім. Қайдан екені белгісіз, тағы бір бала келді. Қарасақ ер адам күйіп кетіпті. Атың кім деп айқайлап едім, Яков деді. Ол үнсіз қалса өліп кете ме деп қорықтым. Есін жиғызу үшін айқайлап сөйлей бердім", - дейді депутат.
Ер адамның отбасы жағдайы жақсы, жалғыз анасы бар. Бірер жыл бұрын бұл отбасының үлкен ұлы қатерлі ісіктен көз жұмған. Яков екінші ұлы болған.
"Ешқандайда қаңғыбас немесе маскүнем емес. Сол күні ол үйінен ерте шығып кеткен, өрттің арасында қалай қалып қойғаны белгісіз. Әлеуметтік желіде депутат пен журналист бірге жүріп, хайп жинап жүр деп жазып жатыр. Түк те олай емес. Тек бір өкініш өзегімді өртейді. Ең болмаса 5 минут ерте келгенімде ол адам олай күймес еді", - дейді Равиль Садықов.
Бірден өрт сөндірушілер мен жедел жәрдемге қоңырау шалынған. Ер адам қалалық ауруханаға жеткізілген. Алайда оны құтқару мүмкін болмады.
"Ер адамның денесі 94% күйіп қалған, жансақтау бөлімінде қайтыс болды", - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы.
Қалалық мәслихат депутаттары жиналып марқұмды жерлеу рәсіміне қаражат жинаған. Анасынан басқа туысы жоқ Яковты бүгін мәйітханадан шығарып, жер қойнына тапсырады.