Анарбековтің ресми аккаунтындағы оқырман саны 3 мың адамнан 81 мың адамға жетті.
Фото: instagram.com/championsleague/
ERNUR.KZ. «Қайрат» футбол клубы үшін Чемпиондар лигасына жол ашқан қақпашы Темірлан Анарбековтің әлеуметтік желідегі парақшасында нағыз бум болып жатыр: футболшының желідегі оқырмандары дәл қазір 81 мың адамнан асты, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Бүгін таңертең Анарбековтің парақшасына жазылған адамдардың саны 3 мыңнан енді асқан еді. Оншақты сағаттың ішінде жас қақпашы қазақстандықтардың арасында кеңінен танылып, жастар оған тілектерін жаудырып жатыр.
Ал, 15 сағат бұрын Чемпиондар лигасының ресми парақшасы Темірлан Анарбековтің суретін жариялап, «Қайрат» клубының жеңісі туралы пост салған. оның астына Қазақстанның танымал тұлғалары пікір қалдырып, Темірланды мақтан тұтатындарын жазған.
Айта кетейік, 21 жастағы «Қайрат» қақпашысы Темірлан Анарбеков Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінде «Селтикпен» қарымта матчтың басты қаһарманы атанып, алматылық клубтың тарихи жетістікке жетуіне көмектесті. Қарымта ойында Анарбеков бес ғажайып сейв жасап, одан кейін пенальти сериясында «Селтик» ойыншыларының үш соққысын қайтарды. «Қайрат» Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне тарихта алғаш рет қатыспақ.