Халықаралық Аралды құтқару қорын дамыту бойынша мемлекетаралық комиссияның кезекті отырысы өтті

0
186


Халықаралық Аралды құтқару қорын дамыту бойынша мемлекетаралық комиссияның кезекті отырысы өтті

Бүгін Астана қаласында Халықаралық Аралды құтқару қорын дамыту бойынша мемлекетаралық комиссияның кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Комиссия отырысында 2022-2024 жылдар арасындағы Қазақстан Республикасының Орталық Азия елдерін орнықты дамыту жөніндегі мемлекетаралық комиссияғы төрағалық еткен кезіндегі жұмыстарға баға берілді. Сонымен қатар, алдағы уақытта өтетін отырыстар мен кеңестерде қаралатын шешімдер мен жоспарлар, есептер тыңдалды.

Комиссия отырысында Орталық Азия елдерін орнықты дамыту жөніндегі мемлекетаралық комиссияға төрағалық ету өкілеттілігін Қазақстан Республикасынан Тәжікстан Республикасына табыстау рәсімі өтті.

Отырыста Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев жаһандық және өңірлік өзекті мәселелер артқан сайын ынтымақтастықтың қажеттігі мен бірлескен жұмыстар да көбейетінін атап өтіп, Орталық Азиядағы су ресурстарының ерекше мәселе екенін жеткізді.

- Біздің аймақтағы су ресурстары ұлттық және аймақтық қауіпсіздіктің әртүрлі аспектілерін анықтайды, оларды аймақ экономикасының барлық салалары пайдаланады.Әлеуметтік-экономикалық және табиғатты қорғау мақсаттарына қол жеткізу үшін су ресурстарын орнықты дамытуға және кешенді басқаруға, Орталық Азияның орнықты дамуы үшін қоршаған ортаны қорғау жөніндегі өңірлік бағдарламаны іске асыруға, сондай-ақ халықаралық деңгейде келісілген су ресурстарына байланысты мақсаттар мен міндеттерді іске асыруға жәрдемдесу үшін барлық деңгейлердегі ынтымақтастық пен әріптестікті кеңейтуге басымдық беру ОДМК жұмысындағы басымдық болып отыр. Оның ішінде 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған Орнықты даму саласындағы күн тәртібіндегі ресурстармен қамтылады, - деді министр.

Сонымен қатар алдағы екі жыл бойы аталған ұйымға төрағалық ету өкілеттігін алған Тәжікстан Республикасы Тұрақты дам ужөніндегі халықаралық комиссияның ғылыми-ақпараттық орталығы Тәжікстан филиалының директоры Абдуалимов Каримджон көптеген мәселе бар екендігін, оның ішінде су мәселесі туралы айтты.

- Климаттың қоршаған ортаға әсері салдарынан бұл мәселені барлығымызға бірігіп шешуге тура келеді. Аймақ елдерінің өзара ынтымақтастығы мен үйлесімді жұмысы қажет болады, - деді филиал директоры.


Айта кету керек, бұған дейін қоршаған ортаны қорғау ведомостволары мен экономикалық блок, Орта Азия елдерінің тұрақты дамуы жөніндегі мемлекетаралық комиссияның бөлімшелері мен ұйымдардың, Орталық Азия елдерінің қоғамдық ұйымдары өкілдерімен бірге консультативтік кеңес өтіп, біршама шешімдер талқыланған болатын.

Ақпарат үшін айта кетсек, орнықты даму жөніндегі мемлекетаралық комиссия 1993 жылдың 26 наурызында Қызылорда қаласында құрылған болатын. Аталған комиссияОрталық Азия мемлекеттерінің басшылары қол қойған «Арал теңізі мен Арал өңірі проблемаларын шешу, Арал өңірін экологиялық сауықтыру және әлеуметтік – экономикалық дамытуды қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен іс-қимыл туралы Келісімнің» 2-бабына сәйкес құрылды. Мақсаты - қоршаған орта және Орталық Азия елдерінің орнықты дамуы саласындағы өңірлік ынтымақтастықты үйлестіру және басқару.

Еске сала кетсек, Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы Жолдауында ­–оршаған ортаны қорғау және экологиялық даму мәселесін баса айтқан болатын. Барша дамыған елдердің экология мәселесін алдыңғы орынға қойып, әлемдік үдерістен Қазақстан Республикасы да шет қалмауды тапсырған.

Осы орайда Мемлекет басшысы 5 жыл ішінде орман алқаптарында 2 миллиард, ал елді мекендерде 15 миллион түп ағаш отырғызылатынын да айтқан болатын. Президент тапсырмасына сәйкес, Арал теңізінің құрғаған 1,1 миллион гектар аумағына 2025 жылға дейін мелиорациялық екпелер егу міндеті бойынша сексеуіл егу жұмыстары бүгінде зерделеніп жатыр. Құмды, құрғақ жердің бұталы өсімдігі болып табылатын сексеуіл аталған жерлерге өніп кетуі үшін ғылыми зерттеулер жүріп, бүгінде 753 мың гектар жердің топырағы тексерілген.

Қазіргі уақытта арнайы инфрақұрылымдық жұмыстар жүргізіліп, сексеуіл өсіруге және егуге қажетті техникалар сатып алынғанын хабарлады Қазақстан Республикасы экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі.

Еске салсақ, 2021 жылы көршілес Өзбекстан елінің мамандары отандық ғалымдармен бірлесе отырып Арал теңізінің құрғап кеткен табанына жерсініп кететін сексеуіл мен басқа да өсімдіктерді егу бойынша өзара тәжірбие алмасқан болатын. Осы тәжірибе нәтижесінде жаһандық проблема болып отырған Арал теңізі аумағындағы орман шаруашылығы бойынша ынтымақтастық жасау мақсатында меморандумға қол қойылған.

Ал биылғы жылдың 14 наурызында Ерлан Нысанбаев Арал теңізінің табанына екпе егу жұмыстары және ол үшін қолданантын техникалар жөнінде арнайы кеңес өткізіп, қатысушылармен бірге қорытынды жасады. Кеңестің түйіні, Қазақстан Республикасы экология және табиғи ресурстар министрлігінің таратқан ақпаратына сәйкес, биыл, яғни 2024 жылдың күз мезгілінде Арал теңізінің құрғаған табанына сексеуіл тұқымын себу туралы шешім қабылданған.

Арал теңізінің тағдыры ешкімді бейжай қалдырмақ емес. Бұл ретте теңіздің тартылуы тек еліміздің ғана емес, жаһандық проблема екендігін ескере отырып министрлік халықаралық ұйымдармен, атап айтар болсақ Халықаралық Аралды құтқару қоры (ХАҚҚ), Дүниежүзілік банк, Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Герман қоғамы (GIZ), АҚШ-тың халықаралық даму агенттігі (USAID), Корея Орман қызметімен және басқа да халықаралық ұйымдармен бірлесе дұмыс істеп жатқанын айта кету керек.

Бөлісу