Қазақстан Республикасы бұл саланы мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының қатарына енгізген.
фото: ороra.ru
Жер жүзіндегі мемлекеттер үшін қай сала болмасын маңызға ие. Соның бірі — әлеуметтік, рухани және экономикалық тұрғыдан дамуға айрықша әсерін тигізетін көші-қон саласы. Себебі қай ел болмасын, осы саланы жандандыру арқылы жұмыс күшін оңтайландырып, тың тәжірибелерді қолданысқа енгізе алады. Оған қоса, тиімді реформаларды іске асыра отырып, қоныс аударушылар арқылы ел қазынасын толықтыруға жол салуға болады. Сондықтан да мемлекеттер үшін миграция саласын жүйелі түрде алға жылжыту негізгі бағыттардың бірі болып саналады. Тиісінше Қазақстан Республикасы да бұл саланы мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының қатарына енгізген. Соның арқасында аталған саладағы құжат ісі оңтайландырылып, рұқсат алу, виза жасау, тіркеуге тізілу сынды процестер электронды жүйе арқылы жедел орындалу үстінде. Бұл Қазақстандағы қызметке жүгінушілер үшін ғана емес, өзге елдердегі отандастар үшін де тиімді болып келеді. Сондай-ақ, саладағы кез келген рәсімді орындау барысындағы қауіпсіздік қағидаттары да жіті бақылауға алынып, озық әдістер арқылы заңсыз әрекеттерге жол берілмеуде.
Осы ретте Қазақстан Республикасында миграция саласының түрлі бағыттары іске асырылып жатқанын атап өту керек. Мәселен, миграция саласын сөз еткенде ең алдымен қандастарды тарихи Отанына қайтару ісі жанданып, жан-жақты қолдау қарастырылып жатқаны еске түседі. Сонымен қатар, Қазақстан жастарының шет мемлекеттердегі озық жоғары оқу орындарында білім алуына және олардың елге қайта келіп, қызмет етуіне арналған бағдарламалар қабылданған. Оған қоса, шет мемлекеттердегі тәжірибелі ғалымдарды Қазақстанға шақыру мақсатында да көптеген келісімшарт жүзеге асырылып келеді. Бүгінде экономикалық тұрғыдан даму жолына түскен Қазақстанда қызмет етуге ниетті шетелдік жұмысшы мигранттар да көбейген. Тағы бір айта кетерлік жәйт – елімізде көші-қон қатысушыларының қоғамға сіңісіп, мәдениетке бейімделіп, қазақ тілін үйренуі үшін түрлі ұйымдар қарқынды қызмет атқарып жатыр.
Елімізде миграция саласын жаңғырту жұмыстары осыдан 6 жыл бұрын қабылданған жаңа «Миграция туралы» заң аясында атқарылады. Аталған құзырлы құжатта көші-қон саласындағы барлық проблемны реттеуге арналған нормалар бар. Бұл заң көші-қон саласындағы көрсетілетін қызметтердің толықтай цифрлық форматқа ауыстырылуына да айрықша ықпалын тигізді. Осылайша қызметтер жедел әрі ашық орындалып, сыбайлас жемқорлықтың жолын кесуге де әсерін тигізуде.
Құжатта еңбек миграциясын дамытуға мүмкіндік беретін тетіктер мол. Соның ішінде шетелдік мамандарды отандық нарыққа тартып, оларға қолдау көрсетуге негізделген бағдарламалар қызмет көрсету сапасының көтерілуіне және өндіріс саласының өркендеуіне септігін тиігізіп жатыр. Сонымен бірге жұмыссыздық мәселесінің шешіліп, жалақы деңгейінің өсуіне де әсер етеді. Сондай-ақ, арнайы жаңа заң қабылдаған Қазақстан әлемдік көші-қон үдерістеріне тұрақты түрде қатысып келеді. Әсіресе, Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы, сонымен қатар Біріккен Ұлттар Ұйымымен іскерлік қарым-қатынас нығайып, көші-қон саласындағы тың тәжірибелер енгізілуде.
Осы орайда еліміздегі көші-қон саласында орын алған оң өзгерістер мен жемісті жұмыстарды атап өтейік. Мәселен, бірер жыл бұрын еліміздегі көші-қон саясатының 2023-2027 жылдар аралығына арналған тұжырымдамасы бекітіліп, мықты мамандарды елге шақыру, білім сапасын көтерудегі миграцияны дамыту бағыттарына басымдық берілді. Сонымен қатар, көрсетілетін қызметтерге жүгінетін қазақстандық және шетелдегі азаматтар үшін аталған сала толықтай сандық форматқа көшіріліп, процестерді бақылау атматты режимге ауысты.
Ал, өткен жылы Қазақстан Республикасы аумағындағы көші-қон көрсеткіші 1,7 есе көтеріліп, 690 мыңға жуық адам қоныс аударған. Олардың басым бөлігі тұрғылықты мекенжайын ауыстырып, еліміздегі 3 мегаполис – Алматы, Астана және Шымкент қалаларына көшкен екен. Әсіресе Қазақстанның елордасына қоныс аударғандар көп болған. Дегенмен былтыр шетелден көшіп келген азаматтар саны да(20 мыңнан аса), өзге мемлекетке қоныс аударушылар да(10 мыңнан аса) едәуір азайыпты. Осы орайда Қазақстанның халықаралық деңгейдегі негізгі серіктертері – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына кіретін елдер екендігін айта кетейік.
Ендігі кезекте, көші-қон саласына арналған бағдарламалардың көрсеткіштеріне аз-кем тоқталып өтсек. Алдымен мемлекеттік деңгейде қабылданған 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдаманы сөз етсек. Концепция шеңберінде көші-қон саласының тиімділігін арттыратын тетіктер заң жүзінде бекітіліп, ғылым мен кәсіпкерлікті дамыту, виза рәсімдеу мен қандастардың көші-қонын қамтамасыз етуге басымдық берілген. Ал, «Otandastar Foundation» деп аталатын қордың ықпалымен шет мемлекеттердегі қазақ қандастарды елге қайтару және жан-жақты қолдау көрсету іс-шаралары тоқтаусыз атқарылып келеді. Сондай-ақ, өзге елдермен ынтымақтастық орнату аясында әсіресе Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына кіретін елдермен қарым-қатынас жолға қойылып, қуатты келісімдер түзілді. Соның арқасында соңғы жылдары халықаралық көші-қон оң сипатқа ие болып, ел ішіндегі миграция деңгейі артып, ірі қалалар әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан даму ордаларына айналып үлгерді. Инвестиция, еңбек және білім-ғылым саласындағы тиімді тетіктер қолданысқа енгізіліп, этникалық қазақтардың атамекенге оралуы жеңілдей түсті.
Қазақстанның әлемдік аренадағы позициясы да жаман емес. Мәселен, соңғы бірнеше жылда Қазақстан мигранттарға ұсынылатын үздік 15 елдің қатарына еніп, Орталық Азиядағы негізгі мемлекеттердің біріне айналды. Дегенмен, Еуропадағы алпауыт елдермен салыстырсақ, әлі де даму керек екендігі белгілі болады. Жалпы, қазіргі таңда Қазақстан Республикасы көші-қон саласы бойынша орташа деңгейде тұр. Десе де, елімізде үздіксіз жүргізіліп жатқан реформалар, жүйенің толықтай сандық форматқа көшірілуі, негізгі заңнаманың жетілдірілуі, миграция саласының түрлі бағыттар бойынша дамытылуы мемлекеттің халықаралық дәрежедегі позициясының жақсара түсуіне септігін тигізеді деп ойлаймыз.
Б.Мейірханұлы,