"Халықтың алдында кінәліміз": Назарбаеваның орынбасары сенат қателескенін мойындады

0
952

Депутат Бекназаров парламент соңғы кездері кодекстерді қабылдаған кезде, жаңсақ қадамдарға барғанын айтты.


ERNUR.KZ. Сенат төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров әріптестерін заң қабылдаған кезде халықтың алдындағы жауапкершілігін естен шығармауға шақырды, деп жазады sputniknews.kz.

Бекназаровтың пікірінше, сенат қабырғасында заңдардың жан-жақты, тиянақты талқыланып, сапалы заңның қабылдануы жауапты адамдардың назарын аударатын мәселе.

"Бүгінгі парламенттік тыңдауда үкіметке де, соның ішінде әділет министрлігіне, мемлекеттік органдарға біршама сын айтылды. Оның барлығы, әрине, дұрыс. Бірақ, құрметті әріптестер, мен тағы бір нәрсеге назар аударғым келеді. Заңды қабылдайтын кім? Шала болсын, асығыс дайындалған болсын, бұл заңдарды қабылдап отырған бір орган – ол парламент сенаты. Ол біздің өз жауапкершілігіміз", -деді ол сенатта заң шығару процесін одан әрі жетілдіруге арналған парламенттік тыңдауда.

Сенатор әріптестерін жауапкершілікті ұмытпауға шақырды.

"Егер қабылданған заң заман талабына, адам құқы талабына сәйкес келмейтін болса, онда оған, ең алдымен, кінәлі – осы залда отырған біз. Халықтың алдында, елдің алдында", - деді Бекназаров.

Депутат парламент соңғы кездері миллиондаған азаматтың құқын қамтитын кодекстерді қабылдаған кезде, жаңсақ қадамдарға барғанын айтты.

"Мәселен, осыдан біраз жыл бұрын Әкімшілік құқық бұзушылық кодексін қабылдадық. Осы кодексті талқылаған кезде, көптеген норма бойынша үлкен сомалы айыппұлдар белгіленді. Ол мыңдаған адамдардың тағдырына әсер етті. Ал бір-екі жылдан кейін алдық та, сол айыппұлдардың шамасын, керісінше, еселеп азайттық. Сөйтіп асығыс шешімге бардық", - деді ол.

Айтуынша, Қылмыстық кодексті қабылданған кезде де, олқылықтар кеткен.

"Кодекске өзгерістер енгізілген кезде, 50-ден астам әкімшілік құқық бұзу фактісін "әкімшіліктен қылмыстық кодекске" ауыстырдық. Ал сол кезде қылмыстық кодекстің нормаларын, керісінше, ізгілендіру мәселесі қойылып жатқан болатын. Осының салдарынан қаншама адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Бұған біз жауаптымыз ба? Жауаптымыз, меніңше", - деді Бекназаров.

Бұдан бөлек, сенатор атаулы әлеуметтік көмек туралы заңға да тоқталды.

"Ол заңды тез арада қабылдау керек болды. Алайда, біз оны талқылаған кезде, осының неге апаратынын болжай алдық па? Біз қазір масылдық деген мәселені көп айтып жүрміз. Ал осы масылдықтың тууына осы заң үлесін қосқан жоқ деп кім айта алады? Оны халық көріп отыр. Меніңше, бұл ойландыратын мәселелер", - деп ашуланды депутат.

Сөз соңында Бекназаров сенат депутаттарын халықтың алдындағы жауапкершілікті естен шығармауға үндеді.