Хасан Қасымбаев сотта соңғы сөзін айтты

0
95

Қасымбаев 2024 жылдың 2 қарашасында ұсталған болатын.


Хасан Қасымбаев сотта соңғы сөзін айтты

фото: видеодан скринделген

ERNUR.KZ. 10 қарашада Талғар ауданы сотында айыпталушы Хасан Қасымбаев соңғы сөзін айтты, деп жазады tengrinews.kz.

Істің мән-жайы

Хасан Қасымбаевқа үш бап бойынша айып тағылған: адам ұрлау, қасақана ауыр дене жарақатын салу және бопсалау. Онымен қатар тағы бес адам айыпталушылар қатарында отыр. Істе екі жәбірленуші бар — ММА файтері және жаттықтырушы Арман Әлімов пен кәсіпкер Әріпжан Тәжиев.

Қасымбаев 2024 жылдың 2 қарашасында ұсталған болатын.

Хасан Қасымбаевтың соттағы соңғы сөзі

Хасан Қасымбаев өзіне қатысты іс қолдан жасалғанын және тек жәбірленушінің сөзіне негізделгенін айтты. Оның пікірінше, тергеу мен сот барысында Қылмыстық-процестік кодекстің көптеген нормасы бұзылған.

"Бұл істі көпшілікті тыныштандыру үшін қолдан жасады. Кінәлі адамды көрсету керек болды, сол рөлге мені таңдады. Кінәмді дәлелдейтін бірде-бір айғақ жоқ. Барлығы тек жәбірленуші Әлімовтың сөзіне негізделген, ол есірткіге тәуелді және бұрын сотталған", – деді Қасымбаев.

Сондай-ақ, ол өзін Шерзат Полат ісі төңірегіндегі резонанс пен "Әлімовтың жалған айғақтары" үшін соттап жатқанын айтты.

"Мені Шерзат Полат ісі төңірегіндегі резонанс үшін, қоғамды тыныштандыру мақсатында соттап жатыр. Тағы бір себебі - Әлімовтың жалған сөздері. Барлық айып тек оның айтқандарына сүйенген, ешқандай дәлел жоқ. Мен Құдай мен заң алдында тазамын. Үйде мені отбасым мен балаларым күтіп отыр. Соттан әділ шешім шығарып, мені қылмыс құрамының болмауына байланысты ақтауды сұраймын", – деді айыпталушы.

Қасымбаевтың айтуынша, дәл жәбірленуші Әлімов оны "Хуторские" ұйымдасқан қылмыстық тобының басшысы деп жалған ақпарат таратқан.

Басқа айыпталушылар да Қасымбаевты қорғады

Сотта қалған бес айыпталушы да тағылған айыптармен келіспейтінін білдіріп, өздерін емес, Хасан Қасымбаевты ақтауды сұрады.

Бірінші болып сөйлеген Р.А. сотқа бұрылып, БАҚ өкілдерін залдан шығаруды сұрады: "Барлық БАҚ-ты шығарыңыздаршы, менің түрім бүкіл TikTok-та тарап кетті", – деді ол.

Ол сотқа "толық сенімсіздік білдіретінін" айтып, іс төрт жылдан бері қаралып келе жатқанын атап өтті.

"Мен бұзақылық жасағанымды мойындаймын. Айыпталушылар орындығында отырған адамдардың бұл іске еш қатысы жоқ. 2021 жылы мені бұзақылық бойынша айыптаған, бірақ істі қайта қозғап, жаңа айыптар қосты, олармен келіспеймін", - деді Р.А.

Келесі айыпталушы С.А. да БАҚ-тың қатысуына алаңдаушылық білдірді:

"Ойымды жинай алмай тұрмын, қазір мені түсіріп алады деп уайымдап тұрмын. Камераларды залдан шығаруды сұраймын", – деді ол.

Ол айыптау актісін "прокурордың ойдан шығарған нұсқасы" деп атап, адам ұрлау айыбын жоққа шығарды.

"2021 жылы бұзақылық ісі бойынша шешім болған. Енді адам ұрлау дейді, ондай ештеңе болған жоқ. Айыптауда Хасанмен телефон арқылы сөйлестік делінген, бірақ біз оны өмірімізде көрмегенбіз. Хасанды ақтауды сұраймын - ол ол жерде болған жоқ", – деді С.А.

Айыпталушы М.К. тек 2021 жылғы бұзақылық дерегін ғана мойындады:

"Қатысы жоқ адамдарды босатуды сұраймын. Жәбірленушінің анасынан кешірім сұраймын", – деді ол.

Қалған айыпталушылар Д.А. мен Н.С. соттан "әділ шешім қабылдауды" өтінді.

Сот отырысы алдындағы жағдай

Сот отырысына дейін ғимарат алдында ондаған адам жиналып, Хасан Қасымбаевқа қолдау көрсетті. Айыпталушының анасы Гүлнар Нұракенова мен жары Зульфия Қасымбаева жұрт алдында сөз сөйледі.