ERNUR.KZ. Халықаралық ғарыш станциясының (ХҒС) үш мүшесі бар «Союз МС-16» басқарылатын ғарыш кемесінің жерге қонушы аппараты Жезқазған қаласының оңтүстік-шығысына қарай Қазақстан даласына қонды, деп жазады ҚазАқпарат.
«Роскосмос ғарышкерлері Иван Вагнер, Анатолий Иванишин және NASA астронавты Крис Кэссиди бар «Союз МС-16» басқарылатын ғарыш кемесінің жерге қонушы аппараты қазақ даласына қонды. Олардың ұшу ұзақтығы 196 тәулікті құрады. Экипаж жұмысы барысында ресейлік ғылыми бағдарлама (медицина, ғарыштық биология, биотехнология, физика-химиялық процестер және т. б.) бойынша ғылымның түрлі салаларынан ондаған эксперименттер жүргізілді»,- деп хабарлады Роскосмос.
2020 жылғы 22 қазанда Нұр-Cұлтан уақыты бойынша сағат 05:32-де Халықаралық ғарыш станциясында түйіскен «Союз МС-16» басқарылатын көлік кемесі экипажының мүшелері 08:54:12-де жерге аман-есен оралды. Жерге жақын орбитадан түсу және қону бойынша барлық операциялар штаттық режимде өтті. Роскосмос ғарышкерлері Анатолий Иванишин, Иван Вагнер және NASA астронавты Кристофер Кэссидидің денсаулығы жақсы, деп атап өтті Роскосмос.