Клиника Сәуле Базарханның қазасынан кейін мәлімдеме жасады

0
96

Клиника бұл оқиға ауыр тигенін жеткізіп, Сәуле Базарханның отбасы мен жақындарына көңіл айтты.


Клиника Сәуле Базарханның қазасынан кейін мәлімдеме жасады

Фото: instagram.com/saule_bazarkhan

ERNUR.KZ. Алматыдағы Smart Beauty Clinic жекеменшік клиникасы блогер Сәуле Базарханның қазасынан кейін ресми мәлімдеме жасады, деп жазады tengrinews.kz.

Клиника мәлімдемесі

Клиника бұл оқиға ауыр тигенін жеткізіп, Сәуле Базарханның отбасы мен жақындарына көңіл айтты.

"Қазіргі уақытта болған жағдай бойынша заңнамада қарастырылған процедуралар жүргізіліп жатыр. Дәрігерлік құпияны сақтау қажеттілігіне, пациенттің отбасына деген құрметке, сондай-ақ жүргізіліп жатқан шаралардың объективтілігіне байланысты клиника ресми процедуралар аяқталғанға дейін оқиғаның мән-жайы мен медициналық егжей-тегжейіне қатысты көпшілік алдында түсініктеме беруді жөн санамайды", - делінген мәлімдемеде.

Сонымен қатар Smart Beauty Clinic қазіргі уақытта пациенттерді қабылдау уақытша тоқтатылғанын хабарлады.

Еске сала кетейік, бұған дейін продюсер Гүлзира Айдарбекова әлеуметтік желіде жақын құрбысы Сәуле Базарханның қазасына байланысты жантебірентерлік жазба жариялаған болатын. Қолданушылар бұл жарияланымды қызу талқылады. Бірқатар желі қолданушысы бұл қайғылы жағдай пластикалық операциямен байланысты болуы мүмкін екенін айтты. Дегенмен бұл ақпарат ол кезде ресми түрде расталмаған еді

Сәуле Базарханның туыстарының нұсқасы

Марқұмның келіні Сәуле Базархан 15 мамырда Алматыдағы жекеменшік клиникалардың бірінде жергілікті анестезиямен жасалған жоспарлы липосакция операциясынан кейін көз жұмғанын айтты. Оның сөзінше, отадан кейін бірнеше сағат бойы туыстарына пациенттің жағдайы туралы ақпарат берілмеген, ал өлімі туралы кейін хабарлаған.

Алматы Полиция департаменті Бостандық аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғағанын мәлімдеді. Қазір тергеу жүріп жатыр, оның нәтижесі бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады.

Сәуле Базархан - танымал қазақстандық блогер әрі кәсіпкер. Әлеуметтік желілерде ол миллионнан астам оқырманы бар Сәуле Ермаханова ретінде танымал болатын. Базархан өз парақшаларында отбасы, бизнес, саяхат және жеке өмірі туралы бөлісетін.