Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті Заң факультетінің деканы, заң ғылымдарының кандидаты, доцент Мақсат Елікбайдың айтуынша, жаңа Конституциясының жобасы қолданыстағы Конституциямен салыстырғанда мемлекеттің құқықтық болмысын, билік тармақтарының құрылымын және азаматтың құқықтық мәртебесін жаңаша көзқарас тұрғысынан қайта қалыптастыруды көздейді.
«Қолданыстағы Конституцияның 1-бабында еліміз демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде сипатталып, адам, оның өмірі мен құқықтары ең жоғары құндылық деп танылады. Ал жаңа Конституция жобасының 1-бабында осы қағида одан әрі нақтыланып, мемлекеттің басты құндылығы – адам екені айқын әрі нақты тұжырымдалады. Бұл жерде мемлекет өз мақсатын адамның игілігімен байланыстыратын, оның құқықтары мен бостандықтарын қорғауды негізгі міндет ретінде айқындайтын модельге көшетіні байқалады», дейді сарапшы.
Оның айтуынша, жеке өмірге қол сұқпаушылық мәселесінде де айтарлықтай жаңалықтар бар. Атап айтқанда, қолданыстағы редакцияда бұл құқық дәстүрлі байланыс құралдарының құпиясымен шектелсе, жаңа жобада ол цифрлық кеңістікке толыққанды таралады.
«Жеке деректерді қорғау, оларды заңсыз жинау мен пайдалануға жол бермеу, электрондық ақпарат алмасудың құпиялылығын сақтау Конституциялық деңгейде бекітіледі. Бұл – қазіргі технологиялық даму жағдайында азаматтың құқықтарын қорғаудың өзекті әрі заманауи тетігі», деп ойын білдірді сарапшы.
Сонымен қатар, М.Елікбай жаңа Конституция жобасындағы елеулі өзгерістің бірі – Вице-президент лауазымын енгізу мен Президент өкілеттігінің мерзімінен бұрын тоқтатылуы жағдайындағы билікті беру тәртібін жаңаша айқындауға назар аударды.
«Қолданыстағы Конституцияда мұндай лауазым қарастырылмаған. Президент өз өкілеттігін жүзеге асыра алмай қалған жағдайда, оның функциялары алдымен Сенат төрағасына, кейін Мәжіліс төрағасына, одан соң Премьер-министрге өтеді. Ал жаңа жоба бұл модельді өзгертеді. 49-бапта Вице-президент дербес конституциялық лауазым ретінде бекітіледі. Ол Президенттің ұсынуымен тағайындалып, Кұрылтайдың көпшілік даусымен мақұлданады. Сонымен бірге Вице-президентке бірқатар шектеулер қойылады: ол депутат бола алмайды, кәсіпкерлікпен айналыспайды, өзге ақы төленетін қызмет атқармайды және өкілеттігі кезеңінде саяси партия құрамында болмайды», деп түсіндірді спикер.
Оның айтуынша, осылайша, билік сабақтастығының құрылымы қайта жүйеленіп отыр. Бұл тәсіл билік ауысу механизмін алдын ала айқындалған тұлғаға жүктеп, басқару жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.
«Шын мәнінде, ұсынылып отырған өзгерістер тек жекелеген нормаларды жетілдірумен шектелмейді. Бұл бастама – елдің институционалдық және құқықтық негіздерін жаңа деңгейге көтеріп, мемлекеттік басқару жүйесін қайта құруға бағытталған кешенді қадам. Соның нәтижесінде мазмұны мен рухы жаңарған, тұжырымдамалық тұрғыда өзгеше сипатқа ие жаңа конституциялық құжаттың келбеті айқындалды», дейді ол.
М.Елікбай жаңартылған Конституция жобасында тәуелсіздігін нығайтып, болашаққа сенімді қадам басқан еліміздің берік мемлекет ретіндегі құндылықтары, стратегиялық басымдықтары мен даму бағдарлары көрініс тауып отырғанын жеткізді. Бұл – қоғам сұранысына жауап беретін, заманауи сын-қатерлерді ескеретін құқықтық негіз қалыптастыру талпынысы екенін айтты.


