Қойшылар қауымдастығының төрағасы КТК телеарнасынан кешірім сұрауды талап етуде

0
995

Алмасбек Садырбаев «Астарлы ақиқат» бағдарламасы мен «КТК» телеарнасынан екі дүниені талап етті.


Қойшылар қауымдастығының төрағасы КТК телеарнасынан кешірім сұрауды талап етуде

ERNUR.KZ. «Shopan Ata» қойшылар қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаев КТК телеарнасы және “Астарлы ақиқат” бағдарламасының ұжымына наразылығын білдірді, деп жазады baq.kz.

Садырбаевтың сөзінше, шаруалардың шамына бұл бағдарламаның қойшылар өміріне арналған саны тиген.

"Мен жақында арнаның YOUTUBE арнасына шыққан “Қойшылардың кәйпі” деген тақырыппен тарап жатқан “Астарлы ақиқаттың” кезекті шығарылымына қатысты мәселелерге тоқталып өтсем деймін. Бір емес, бірнеше бөлім жасап, әр салынған бағдарлама жүз мыңдаған қаралым жинап жатыр екен.

Бағдарламада ағайындар арасындағы кикілжің, нақтыласақ, ойнастық тақырыбы көтеріліпті. Бұл ойнастық деген бәле мына жерде жоқ деп кім айта алады. Адамдар арасындағы «ішкі» тақырыптар болған да, бола береді де. Ойнастық керек болса тек малшылар емес, ел алдында жүрген талай қауымның арасынан да табуға болатынына күмәнім жоқ. Бірақ сол мәселені қоғам арасында ашық талқылау, жай талқыламай ауылдағы шағын кәсібін жүргізіп отырған малшылар қауымының абыройын айрандай төгіп тұрып көрсету қаншалықты қажет болды екен?..

“Қойшылардың кайфы” деп тақырып қойған екенсіздер. Бағдарламаның жап-жақсы рейтингі барын ескерсек, елдің назарын тақырыппен емес, мазмұнмен де ұстауға болатын еді деп ойлаймыз. Қанымызға сіңген өз ата кәсібімізден “астарлы ақиқат” іздепсіздер. Бұл мәселе осы саладан нан жеп отырған соң бізді, қойшылар қауымын, еңбек адамдарын қатты алаңдатты. Сіздерден «Shopan Ata» қойшылар қауымдастығы, шаруа адамдары, өз жеке басымның атынан талап-тілегімізді жеткізсек деймін. Бұл пікірімізді тек қойшылар қауымы емес, жалпы ел жұрт қолдайды деп сенеміз. Екіншіден, ақыры тақырыпта «қойшылар» сөзін қолданып, қойшылар мәселесін «көтерер» болсаңыздар екінші тараптың пікірін неге тыңдамадыңыздар. Өз адал еңбегімен отбасын асырап, дала мен түз кезіп, қой бағып жүрген адал еңбек иелерін неге шақырып, тамаша отбасылық үлгіні көрсетпедіңіздер?, - деп ашуланды Алмасбек Садырбаев FACEBOOK-тегі парақшасында.
Сондай-ақ, ол «Астарлы ақиқат» бағдарламасы мен «КТК» телеарнасынан екі дүниені талап етті.
Біріншіден, бағдарламаның ресми тақырыбын ауыстырыңыздар. «Қойшылар» сөзін бағдарлама атауынан алып тастауларыңызды талап етеміз. Екіншіден, қойшылар қауымы, жалпы шаруа адамдарының ар-ожданына нұқсан келтіргендеріңіз үшін бағдарлама және телеарна атынан ресми кешірім сұраңыздар. Кері байланыстың болатынына сенеміз!», – деп жазды ол.