Көкшетауда бір үйдің төрт адамы өртеніп кетті - көрші сотталды

0
423

Былтыр 5 мамырда жантүршігерлік оқиға болды.


Көкшетауда бір үйдің төрт адамы өртеніп кетті - көрші сотталды

ERNUR.KZ. Көкшетау қалалық соты бүтін бір отбасының өмірін қиған өртке қатысты үкім шығарды. Ерлі-зайыпты мен екі баласы мерт болды. Пәтердегі сымдарды ауыстырған электр маманы сот алдында жауап берді. Ол бес жылға бас бостандығынан айырылды, деп жазады sputnik.kz.

Былтыр 5 мамырда жантүршігерлік оқиға болды. Таңертең Көкшетау қаласының іргесіндегі – Красный Яр ауылындағы көпқабатты үйдің бірінші қабатындағы пәтерлердің бірінде өрт шықты.
Құтқарушылар 1991 жылы туған ер адам мен 1993 жылы туған әйелдің, сондай-ақ екі және төрт жастағы балалардың мәйітін тапты. Ал әжесі мен жеті жасар бала терезеден шыққан. Өрттің шығуына электр сымдарының қысқа тұйықталуы себеп болғаны анықталды.
Іс материалдарына сәйкес, қайғылы оқиға қарсаңында осы пәтерде жарық сөніп қалған, үй иелері электр маманы М. есімді көршісін шақырған. Ол пәтерге дейін электр қуатының келуін реттеген. Бірақ үйдің ішіне жарық өткізуден бас тартқан. Себебі "қызмет көрсету аумағынан тыс жұмыстарды орындауға құқығы болмаған". Бірақ үй иелері оны көндірген.
"М. сымдарды қолданыста болған сымдарға ауыстырып, оны ағаш қабырға бойымен жүргізіп, бірақ өрттің алдын алатын құрылғымен жабдықтамаған", - деп жазылған Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Сот марқұмдардың көршісін өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзып, абайсызда төрт адамның өліміне әкеп соғу фактісі бойынша кінәлі деп таныды.
Ол үш жыл мерзімге электр жұмыстарын орындау бойынша қызмет көрсетумен айналысу құқығынан айырылды. Бес жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды (Қылмыстық кодекстің 292-бабының 3-бөлігі).
Айта кетері, бұл бап бойынша ең жоғары жаза – 10 жыл.
Сотталушының кінәсі оның өз кінәсін ішінара мойындауымен, жәбірленушілер мен куәлардың айғақтарымен, оқиға болған жерді қарау хаттамасымен, сот-медициналық сарапшының қорытындысымен расталды.