"Көкжайлау" Іле Алатауы ұлттық паркіне қайтарылды

0
709

​​Бұл жер ерекше қорғалатын табиғи аумақ санатына ауыстырылды.


ERNUR.KZ. "Көкжайлау" шатқалы Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық паркіне қайтарылды, деп жазады inbusiness.kz.

"Қазақстан Үкіметінің қаулысымен Алматы қаласы Медеу ауданындағы 1002,0 гектар аумақты құрайтын Көкжайлау шатқалы Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің құрамына қайтарылды",- деп жазылған ЭГТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің хабарламасында.

"Көкжайлау" шатқалының басым бөлігін қылқан жапырақты шырша ормандарының бірегей экожүйесі мен ландшафттар алып жатыр. Көкжайлау ландшафттарының эстетикалық құндылығы, әсіресе Құмбел жотасының төменгі бөлігінде жақсы сақталған.

"Шатқалда Қызыл кітапқа енген Шренк шыршасының жатаған пішіні (стланниковая форма) Сиверс алмасы, Алатау өрігі, орташа пион, Виттрок рауғашы, Островский қызғалдағы, Алатау бәйлешегі және тағы басқа өсімдіктер өседі", - деп жазылған хабарламада.

Сондай-ақ бұл аумақ жануарлар әлеміне де бай. Онда сүтқоректілердің 57 түрі, құстардың 200 түрі, бауырымен жорғалаушылардың 4, қосмекенділердің 3 және балықтардың 4 түрі кездеседі. "Көкжайлаудың" әсем табиғаты туризмді дамытуға да қолайлы. Мәселен туристер Медеу жағынан да, Алмаарасан шатқалы жағынан да оңай көтеріліп, табиғи ландшафты қызықтай алады.

Айта кетейік, 2014 жылғы "Іле-Алатауы" ұлттық паркініне қарасты 1002,0 гектар жер учаскесі ерекше қорғалатын табиғи аумақтар санатынан "Көкжайлау" курортының құрылысы мен жұмыс істеуі үшін, Алматы қаласы Медеу ауданының жер санатына ауыстырылған еді.