Алматы тұрғыны бір жылдан бері ұрланған көлігін қайтара алмай жүр.
ERNUR.KZ. Алматы тұрғыны бір жылдан бері ұрланған көлігін қайтара алмай жүр, деп жазады Baq.kz ақпарат агенттігі.
Темір тұлпарын күштеп тартып алып, жалған құжатпен өз аттарына аударып алған күдіктілер ұсталған әрі олар өз қылмыстарын мойындаған. Алайда, содан бері машина айыппұл тұрағында тұр. Ал іс болса сағызша созылып, сотқа жолданбаған. Сезіктілер тайраңдап бостандықта жүр екен. Тергеуге көңілі толмаған Ерлан Бекмырза теларнаға жүгінген. Ал бұл іске қатысты полицейлер не дейді?
Ерлан Бекмырзаға автосалоннан су жаңа автокөлікті Ержан Айпан деген азамат сатып алып, басқаруға берген. Темір тұлпар Атырау облысында тіркелген екен. Алматыға алып келген кезде Ерланның үйіне 5-6 адам басып кіріп, құзырлы органдарда және қылмыстық серкелермен байланысымыз бар деп қорқытып, темір тұлпарын тартып алып кетіпті. Жапа шегуші бірден құзырлы органдарға шағым түсірген.
«Алдында тергеу жұмысы басталатын кезде бізге келіп кеткен, мойындады. Машинаны ала тұрыңдар деп. Біз айттық машинаны қалай аламыз деп. Машинаны өздерінің атына аударып алған. Ломбардқа 3 миллионға залогқа қойып тастаған», - дейді Алматы қаласының тұрғыны Ерлан Бекмырза.
Көлікті алып кеткендер жалған құжатпен автокөлікті өз аттарына аударып, өз мақсаттарына пайдаланып, 30 мың шақырым жүрген. Күдіктілер анықталғаннан кейін автокөлік тәркіленген. Өткен жылдың тамызынан бері айып тұрағында тұрған көлікке зақым келіп, әйнегі сынып, біраз жері майысқан. Көлік иесі шығынды кімнен талап ететінін білмей дал. Ал күдіктілер жәбірленушіге келіп, кешірім беруін сұраған.
Полицейлер іс сағызша созылған жоқ, заң талаптарына сай дейді. Әлі де тергеу амалдары жалғасып жатыр екен. Күдіктілердің барлығы жауапкершіліктен құтылып кетпейді деп сендірді.
«Осы іске қатысты барлық тұлғалар анықталып, нәтижесінде болған оқиғаның барлық мән-жайы анықталды. Қылмыстық іс бойынша тиісті сараптамалар тағайындалды. Оның бірінің нәтижесін әлі де күту үстіндеміз. Яғни сенім хаттың жалған немесе жалған еместігін айқындауға бағытталған сот сараптамасының бір түрі», - дейді Алматы қалалық ІІД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Тәртіп сақшылары сенімхатты берген адамның қолының қолтаңбасының тұпнұсқа екенін анықтауға қатысты сараптаманы күтіп отыр екен. Тергеу амалдарын бір айдың көлемінде анықтап, сотқа жолдауды көздеп отыр. Ал айып тұрағына кірмек түгілі есігінен де сығалау мүмкін емес.
Айпан Ержанның автокөлігі Алматы қаласының айып тұрағына қойылған. Онда құзырлы органдардың рұқсатынсыз ешкімді ішке кіргізбейді. Автокөлік қылмыстық істе негізгі дәйек болып табылатындықтан, тергеу барысында және сот шешімі шыққанға дейін иесіне қайтарылмайды екен.