Оқу-жаттығуға 120-дан астам әскери қызметші қатысып, десанттау Ми-17 тікұшағынан 800 метр биіктіктен жүзеге асырылды.
Фото: gov.kz
ERNUR.KZ. Қонаев гарнизонының "Жаңа Іле – Оңтүстік" секіру алаңында десанттық-шабуылдау бригадасының әскери қызметшілері оқу-жаттығу мақсатында парашютпен секірулер орындады, деп жазады inbusiness.kz.
Оқу-жаттығуға 120-дан астам әскери қызметші қатысса, олардың ішінде 100-ден астам мерзімді әскери қызметші алғаш рет парашютпен секірді. Десанттау Ми-17 тікұшағынан 800 метр биіктіктен жүзеге асырылды.
Жерге қонғаннан кейін әскери қызметшілер десанттан кейінгі іс-қимылдарды пысықтап, тактикалық нормативтерді орындады.
Парашютпен алғашқы секіруге дейін жеке құрам әуе-десант даярлығының толық курсынан өтті. Олар әуе кемесінен шығу, парашютті басқару, жерге дұрыс қону және төтенше жағдайларда әрекет ету тәртібін меңгеріп, қауіпсіздік талаптары бойынша бақылау нұсқамасынан өтті.
– Әрбір секірудің алдында жан-жақты дайындық жүргізіледі. Әскери қызметшілер теориялық білімді де, практикалық дағдыларды да толық меңгеруі тиіс. Өйткені десанттаудың қауіпсіздігі олардың сауатты іс-әрекетіне тікелей байланысты. Тек даярлық бағдарламасын толық әрі сәтті аяқтағаннан кейін ғана жеке құрамға парашютпен секіруге рұқсат беріледі, – деді 32363 әскери бөлімінің әуе-десант даярлығы бөлімінің аға офицері, гвардия майоры Данияр Әбдірахманов.
Айта кетейік, алғашқы дербес секіру жас десантшылардың кәсіби даярлығындағы маңызды кезең саналады. Әуе-десант даярлығы әскери қызметшілердің жауынгерлік қабілетін, төзімділігін, психологиялық орнықтылығын және күрделі жағдайда тиімді әрекет ету дағдыларын қалыптастыруға бағытталған.


