​Көне ғимарат қиратылып, көпқабатты үй бой көтереді

0
1 439


​Көне ғимарат қиратылып, көпқабатты үй бой көтереді

Оралда апатты деп танылған 200-ден астам үй бұзылып, орнына жаңа көпқабатты баспаналар бой көтереді, деп хабарлайды ERNUR.KZ. 24.kz сайтына сілтеме жасап.

Бұл бағыттағы жұмыстар мемлекет пен жекеменшік әріптестігі аясында жүзеге асырылады. Бағдарлама қолға алынғалы бері қалада 8 апатты үй сүрілген.

Талғат Серікқалиұлы, twitter@t.serikkaliuli_0104

Скоробогатов көшесіндегі мына үй өткен ғасырдың 50 жылдары салыныпты. Қабырғалары қақырап, едені сөгілген үй күні кешеге дейін 17 отбасыға ортақ қоныс болған еді. Міне, 8 жыл бұрын апатты деп танылған баспанаға да кезек келді.

Көне ғимарат қиратылып, орнына жаңа көпқабатты үй бой көтермек.

Бұзылған үй қаланың орталық бөлігінде орналасқан. Сондықтан көненің орнына жаңасын салуға мүдделі кәсіпкер де тез табылды. Бұзылған қос үйдің орнында 64 пәтерлік 9 қабатты баспананың құрылысы басталады. Мердігерлер нысанды келер жылдың соңында пайдалануға береміз деп отыр.

Мәрия Арыстанова, қала тұрғыны:

Осы үйде тұрып едік, енді ол сүрілетін болды. Жаңа баспанаға қол жеткіздік. Қуаныштымыз. Оралда осыдан жарты ғасырдай уақыт бұрын салынған ескі үйлерде мың жарымдай отбасы тұрады. Олардың 43-нің жағдайын мамандар тұруға жарамсыз деп таныған. Қазіргі таңда 7 көпқабатты үйдің құрылысы жүріп жатыр. Былтыр Деповская көшесінде бой көтерген жаңа үйден 16 отбасыға пәтер кілттері табысталған еді.

Алтынбек Қайсағалиев, қала әкімінің орынбасары:

Осы бағдарламаның концепциясы бойынша екіжақты тиімді деп ойлаймыз. Құрылыс компаниялары қаланың жақсы жерлерінде тұрған апаттық үйді бұзады, жақсы жер алып, сол жерден жаңа үй көтереді. Апатты үйде тұратын тұрғындардың мәселесін шешеміз. Жыл соңына дейін осы бағдарлама аясында салынып жатқан тағы 3 үй пайдалануға беріледі. Сонымен қатар биыл 76 пәтерлік 11 апатты үйді бұзу жоспарланып отыр.