Мемлекеттің басты міндеті – елдің аумақтық тұтастығын сақтау, егемендігін қорғау және әрбір азаматтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сол себепті «Заң бәріне ортақ» қағидаты – мемлекетіміздің тұрақтылығы мен тәуелсіздігінің кепілі.
Қазақстан Республикасы – біртұтас, бөлінбейтін және тәуелсіз мемлекет. Елдің егемендігі мен аумақтық тұтастығы – мемлекеттіліктің басты тірегі. Соңғы жылдары қоғамда кейбір жеке тұлғалардың мемлекет аумағынан бөлінуге, елді ыдыратуға бағытталған әрекеттері байқалып, мұндай фактілер құқық қорғау органдары тарапынан анықталғаны белгілі.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 2-бабының 2-тармағында: «Республиканың егемендігі оның бүкіл аумағына қолданылады, мемлекет өз аумағының тұтастығын, қол сұғылмауын және бөлінбеуін қамтамасыз етеді» деп нақты жазылған. Бұл талап – мемлекеттің әрбір азаматына ортақ құқықтық және саяси міндеттеме.
Мемлекеттілікті бұзуға бағытталған кез келген қадам қатаң жазаланады. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 180-бабында: еліміздің тұтастығы мен аумақтық бірлігін бұзуды насихаттау, оған жария түрде шақыру, сондай-ақ мұндай мазмұндағы материалдарды дайындау немесе тарату – аса ауыр қылмыс болып саналады. Мұндай әрекет үшін кінәлі адам азаматтығынан айырылуы мүмкін және он жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.
Айта кетерлігі, бұл баптың ескіру мерзімі жоқ. Яғни мемлекеттілікті әлсіретуге бағытталған кез келген әрекет қашан орын алса да, заң бойынша міндетті түрде жауапқа тартылады (ҚР ҚК 39-бабының 1-бөлігі және 71-бабының 6-бөлігі 1-тармағы).
Қазақстан өз азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын жоғары бағалайды. Конституцияның 12-бабына сәйкес, әр адам құқықтарға ие және оларды жүзеге асыру барысында басқа адамдардың құқықтарына қол сұқпауы, қоғамдық тәртіп пен имандылық нормаларын бұзбауы тиіс. Яғни құқық пен бостандық шексіз емес – ол елдің заңдарымен және қоғамның қауіпсіздігімен үйлесуі қажет.
Мемлекеттің басты міндеті – елдің аумақтық тұтастығын сақтау, егемендігін қорғау және әрбір азаматтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сол себепті «Заң бәріне ортақ» қағидаты – мемлекетіміздің тұрақтылығы мен тәуелсіздігінің кепілі.