Конституциялық реформалар – күшті парламентаризмге жол

0
149

Бүгін Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның алғашқы отырысы өтті.


Конституциялық реформалар – күшті парламентаризмге жол

ERNUR.KZ. Отырыста болашақтағы мемлекеттік басқару жүйесіне қатысты бірқатар маңызды бастамалар көтерілді.

Мемлекеттік кеңесші, Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары Ерлан Қарин бірқатар өзекті мәселелерге тоқталды. Соның ішінде бір палаталы Құрылтайдың заң шығару үдерісі жан-жақты талқыланды. Жұмыс тобы заң жобаларын үш оқылымда қарастыру форматын енгізуді ұсынды. Алғашқы екі оқылымда заң жобасының мазмұны пысықталса, үшінші оқылымда оның заңнамалық тұрғыдан дұрыстығы қамтамасыз етіледі. Бұл – сапалы әрі жауапты заң қабылдауға мүмкіндік беретін қадам.
Сонымен қатар, заң шығару үдерісінің үздіксіздігін сақтау мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Парламент жұмыс істемейтін кезеңдерде заң шығару функциясын Президентке жүктеу ұсынысы көтерілді. Бұл мемлекет басқаруында үзіліс болдырмауға бағытталған орынды шешім ретінде бағаланды.
Парламенттегі квоталар мәселесіне де нақты ұстаным білдірілді. Мемлекет басшысы атап өткендей, «президенттік квота» болмайды, ал депутаттардың барлығы тең жағдайда, ортақ тәртіппен сайлануы тиіс. Бұл болашақ Құрылтай құрамын жасақтауда әділдік пен ашықтықты қамтамасыз етеді. Сонымен бірге, әйелдерге, жастарға және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған партиялық квоталардың сақталуы — әлеуметтік инклюзияны қолдаудың маңызды тетігі.
Президент институтының қызметіне қатысты дауыс беру кворумы бойынша да қазіргі Конституциядағы тепе-теңдік пен тежемелік механизмдерді сақтап қалу ұсынылды. Бұл билік тармақтары арасындағы балансты нығайтуға мүмкіндік береді.
Маңызды бастамалардың бірі — негізгі мемлекеттік органдарды қалыптастырудағы Құрылтайдың рөлін күшейту. Конституциялық сот, Жоғары аудиторлық палата және Орталық сайлау комиссиясының мүшелерін Құрылтайдың келісімімен тағайындау ұсынысы айтылды. Сонымен қатар, Президенттің ұсынысы бойынша Жоғары сот судьяларын сайлау құзыретін де жоғары өкілді органға беру көзделіп отыр.
Бұл өзгерістер Құрылтайды конституциялық органдарды қалыптастыратын беделді әрі ықпалды институтқа айналдырады. Мәжілістің өкілеттіктерін Құрылтайға беру және Сенаттың айрықша функцияларын қайта қарау — ұлттық парламентаризмді дамытудың жаңа кезеңі.
Жалпы алғанда, ұсынылған бастамалар билік тармақтары арасындағы тежемелік пен тепе-теңдікті күшейтуге, сондай-ақ «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» қағидатын толық жүзеге асыруға бағытталған маңызды қадамдар ретінде бағаланады.