Қазақстанда президенттік мерзімге қатысты норма түсіндірілді.
Фото: akorda.kz.
Қазақстанның Конституциялық соты жаңа Конституцияның ережелеріне ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Президенттің 2026 жылғы 15 наурыздағы Қазақстан Республикасы Конституциясының 43-бабы 1-тармағының, 72-бабы 2 және 3-тармақтарының, 83-бабы 1-тармағының және 84-бабы 3-тармағының ережелерін ресми түсіндіру туралы өтінішін қарады.
Онда "лауазымын 1995 жылғы 30 тамыздағы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес атқарып келе жатқан адамдар 2026 жылғы 15 наурыздағы Қазақстан Республикасы Конституциясында көрсетілген қызметке сайлана ала ма не лауазымға тағайындала ала ма?" деген сауал қойылған.
Конституциялық сот конституциялық нормалардың мазмұнына сәйкес ондағы шектеулер тек қолданыстағы Конституцияда және соған сәйкес қабылданған нормативтік құқықтық актілерде белгіленген тәртіппен адамның осы лауазымға бұрын сайланғаны немесе тағайындалғанына ғана қатысты екенін атап өтті.
Сондай-ақ Конституцияда белгіленген шектеулер қолданылған жағдайда 1995 жылғы Негізгі Заң қолданыста болған кезеңде тиісті лауазымдарда болу мерзімдерін, сондай-ақ қызметке сайлау не лауазымға тағайындау деректерін есепке алуды көздейтін ережелерді Конституция қамтымайды.
Демек, адамның аталған лауазымдардың бірін 1995 жылғы Конституция қолданыста болған кезеңде атқару дерегі Қазақстан Республикасы Конституциясы 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енгеннен кейін оны тиісті қызметке сайлауға не лауазымға тағайындауға Негізгі Заңда көзделген конституциялық-құқықтық кедергі болып табылмайды.
Президенттің өтінішін қарау қорытындысы бойынша Конституциялық Сот ресми түсіндіру берді:
"2026 жылғы Конституция осы конституциялық нормаларда аталған лауазымдарды 1995 жылғы Конституцияға сәйкес атқарып жүрген адамдар 2026 жылғы Конституция күшіне енгеннен кейін тиісті қызметке сайлануы не лауазымға тағайындалуы мүмкін деп түсіну керек".
Аталған конституциялық нормаларда белгіленген шектеулерді қолдану мақсаты тұрғысынан мұндай адамдардың 2026 жылғы Конституция күшіне енгеннен кейін тиісті қызметке сайлануы не лауазымға тағайындалуы алғаш рет сайлану не тағайындалу деп есептеледі.


