TikTok-та 16-17 жас аралығындағы жасөспірімдер тапанша сияқты заттарды ұстап түскен бірнеше фотосуреттерін жариялаған.
фото: полиция департаментінен
ERNUR.KZ. Ақтөбеде қару-жарақпен суретке түскен жасөспірімдер ұсталды, деп жазады ulysmedia.kz.
Ақтөбе облысында полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерді мониторингілеу барысында жасөспірімдердің атыс және суық қару ұстаған жазбаларды анықтады.
Атап айтқанда, TikTok-та 16-17 жас аралығындағы жасөспірімдер тапанша сияқты заттарды ұстап түскен бірнеше фотосуреттерін жариялаған. Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде алты жасөспірімнің жеке тұлғасы анықталып, олар полиция бөліміне жеткізілді.
Тексеру барысында олардың бесеуі – Ақтөбе қаласындағы жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттері, ал біреуі – аудандық мектептердің бірінің жоғары сынып оқушысы екені анықталды.
Жасөспірімдердің бірінен газды тапанша тәркіленді. Тәртіп сақшыларына олар бұл әрекеттерге "контент үшін" барғандарын, қорқыту мен зорлық-зомбылықты насихаттау мақсаттары болмағанын түсіндірді.
Бұл факті бойынша кәмелетке толмағандармен және олардың ата-аналарымен профилактикалық әңгімелесу жүргізілді және профилактикалық есепке алынды. Жарияланған посттар жойылып, жасөспірімдер оқитын білім беру ұйымдарында қосымша түсіндіру және алдын алу шаралары ұйымдастырылды.