Сайысқа 65 және одан жоғары зейнеткерлік жастағы он әже қатысты.
ERNUR.KZ. «Шаңырақ» мәдени-бос уақыт орталығында Тәуелсіздік күні қарсаңында қалалық әкімдіктің қолдауымен «Супер әже-2018» байқауы өтті, деп жазады pavlodarnews.
Сайысқа 65 және одан жоғары зейнеткерлік жастағы он әже қатысты. Байқаудың мақсаты - аға ұрпаққа құрмет сезімін тәрбиелеу, қарт адамдарды қала мен облыстың мәдени және қоғамдық өміріне белсенді қатысуға тарту. Шараны ұйымдастырушы бүгінде қарттар үйінде тұрып жатқан бірінші топтағы мүміндігі шектеулі Валентина Толмачева мұндай ой биыл жазда Алматыда Америка елшілігінің демеушілігімен өткен халықаралық фестивальге қатысқанда пайда болғанын айтады.
«Сол жиында үлкендерге, әжелерге қалай құрмет көрсетілетіні туралы айтылды. Бұдан кейін неліктен бізде де осындай шаралар ұйымдастырмасқа деген ой келді. Мысалы, бізге әжелер өздері тоқыған заттарды әкеліп, үнемі көңіл бөліп жатады. Ал, оларға Қарттар күні ғана назар аударылады. Сондықтан бұл ойымды достарым, интернат бірден қолдап, демеушілер табылды. Еріктілер мен барлық көмек көрсеткен жандарға ризашылығым зор. Бүгінгі қатысушылардың барлығы «Супер әже» деген атауға лайық», - дейді Валентина Толмачева.
Байқау төрт кезең бойынша өтті. Бірінші кезеңде үміткерлердің балалары, немерелері өзінің отбасы мен отбасылық дәстүрлерін, әжелері туралы айтып, бейнематериал арқылы таныстырды.
«Бармақтан бал тамған» кезеңінде әрбір қатысушыға немерелері үшін дайындалған аспаздық шеберлігін көрсету мүмкіндігі ұсынылды. Қазылар алқасы астың дәмін, түрін және өзгеше ұсынылуын бағалады. «Сегіз қырлы, бір сырлы» кезеңінде қатысушылар өздерінің шығармашылық қабілеттерін кез келген өнер жанрында - вокал, көркем сөз, аспапта ойнау арқылы көрсетті. «Сән салтанаты» бөлімінде кешкі көйлек үлгісін көрсетті.
«Бес баланы өсіріп, жеткізіп, немере-шөбере сүйіп отырмын. Солардың тамағын жасап, мектепке алып барамын. Бүгін өз қолымызбен жасаған жұмыстарды көрсеттік. Оның ішінде тоқыма бұйымдары, суреттер мен түрлі тағамдар бар. Өз басым қазақтың ұлттық асы - бесбармақ пісіріп әкелдім. Жасым 69-да. Аналарға арналған ән орындадым. Бұрын зауытта аспазшы болып жұмыс істегенмін. Бұл байқау туралы ұлым айтып, қатысуымды өтінді» - дейді Бақыт Жарақбаева.
Қазылар алқасының шешімі бойынша бас жүлдені бүгінде бес баладан сегіз немере мен бес шөбере сүйген Шолпан Иманова жеңіп алды. Шаңырақ құрғанына 50 жыл толған отбасы алтын тойын атап өткен. Отанасы 20 жыл зауытта, кейін мәдениет бөлімінде жұмыс істеген. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін «Замандас» хорының қатарына қосылған. Бұл отбасы әр мереке сайын дастархан басында және табиғат аясында бас қосуды дәстүрге айналдырған.