Көпқабатты үй маңындағы көлік тұрақтары ақылы болуы мүмкін

0
1 175

Елорда тұрғындары пандемия кезіндегі әкімшіліктің әрекетін ақылға қонымсыз деп бағалап отыр.


Көпқабатты үй маңындағы көлік тұрақтары ақылы болуы мүмкін

Елордалықтар енді темір тұлпарларын қалаған жерге тастап кете алмайды. Тіпті өз ауласына да. Себебі астанадағы көпқабатты үйлердің маңы енді ақылы автотұраққа айналуы мүмкін. Қаулы әлі күшіне енген жоқ. Алайда арнайы бегілері орнатылып қойыпты, деп хабарлайды ERNUR.KZ Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

"Қаһарман" тұрғын үй кешенінде 600-дің үстінде пәтер бар. Бір үйде жоқ дегенде бір көліктен деп есептесеңіз, қандай шығын келетінін бағамдай беріңіз. Өз ауламызда өзіміз көлік қоя алмаймыз, деп шағымданған олар пандемия кезіндегі әкімшіліктің әрекетін ақылға қонымсыз деп бағалап отыр.

Көлік тұрағы маңындағы көк тақтайша, тұрғындардың көзіне оттай басылғалы қашан. Алайда әкімшілік тарапынан ресми хабарлама келмеген соң, ешкім аса мән бермегенге ұқсайды. Ақылы тұрақты тек сауда орталықтарының айналасынан байқап жүрген елордалықтар, өз ауласының қалайша өзгенің меншігіне өтіп кеткенін түсінбей дал.


"Менің үйімде үш көлік бар. Белгілердің тұрғанына бір жарым айға жуықтады. Алдыңғы аптада қара қаптағышын шешіп тастады. Бұл ақылы тұрақтың өз жұмысын бастағанын білдіреді. Бір күн көлік қойсам, 12 сағатқа 1200 теңге төлеймін", - дейді тұрғындардың бірі.


Аталған көпқабатты тұрғын үй алдындағы автотұрақ құрылысы орта жолда қалған. Тіпті жобаның қай уақытта басталғаны тұрғындардың есінде жоқ. Індетке байланысты онсыз да қиналып отырған көпшілік бұл тосын жаңалық жығылғанға жұдырық болды дейді.


"Әкімдіктен ешкім келген жоқ, түсіндірмеді. Бізді шақырмады, жауап та бермеді. Есіктің алдында тұрақ жоқ", - дейді Айкүміс Сүйіндікова.


Ақылы тұрақ белгілері орнатылып жатқанымен, әлі іске қосылмапты. Бірақ бұл жұмыстардың дайындық шаралары екені белгілі болды.


"Ашылу жоспарланып отырған жоқ. Ақылы тұрақ енгізу қаулысы күшіне енбеді. Қаулы шықпаса, орындар ақылы болмайды. Әкімшілік тарапынан хат жолданып, белгілер жабылатын болды. Автотұрақтар жұмыс жасап жатқан жоқ", - дейді жол көлік басқармасының басшысы Руслан Абдуалиев.


Жұмыс істеп жатқаны "Нұр жол" желекжолындағы 487 көлік қоятын орын. Маманның сөзінше, көлік қоятын жерлерді сату жол қозғалысын реттеуге септігін тигізеді екен. Сондай-ақ, жая жүргіншілердің қауіпсіздігін арттырады дейді. Ал тұрғындар қалтамызды қаққаннан басқа пайдасы жоқ дейді. Аулада тұрақ іске қосылса, халықтың басым бөлігіне көліктерін сатуға тура келеді.