Қордайда қазақ пен дүнгеннің татулығы жайлы «Тағылым» фильмінің тұсауы кесілді

0
695

Фильм барысында осыдан 140 жыл бұрын дүнген ұлтының қазақ жеріне келіп қоныстанған уақыты суреттеледі.


Қордайда қазақ пен дүнгеннің татулығы жайлы «Тағылым» фильмінің тұсауы кесілді

ERNUR.KZ. Қордай аудандық Мәдениет үйінде көптен күткен «Тағылым» фильмінің тұсаукесері өтті. Ұлттар достығын суреттелген туындыға аудан ақсақалдары мен аудан әкімдігінің бөлім басшылары қатысып, оң бағасын берді, деп жазады ҚазАқпарат.

Фильм екі достың қарым-қатынасы жайында түсірілген. Нақтырақ айтсақ, қазақ пен дүнген ұлты өкілдерінің достығы туралы. Оның барысында осыдан 140 жыл бұрын дүнген ұлтының қазақ жеріне келіп қоныстанған уақыты суреттеледі.

Онда қазақ елінің қонақжайлығы әдемі көрініс тауып, пана іздеп келген қонағына қонысынан жер беріп, бауырына басқаны көрініс тапқан. Сол уақытта кішкентай Мағжан Щимармен айырылмас дос болып, олардың жақындығы бүгінгі ұрпағына дейін жалғасқанын осы бір туынды әсерлі жеткізгендей.

Бір жарым ғасырға жуық уақыт бірге күн кешіп, талай соқпақтан бірге өтіп, қызық-қиыншылықты қатар көріп келеді. Сол 140 жылдық достықты бір туындыға сыйғызған «Тағылым» киносы талайдың көңілінен шығатынына сенім мол.

Фильмді бірге тамашалаған қазақ және дүнген ақсақалдары соңыра сөз алып, кинодан алған әсерімен бөлісті.

Тарихты қозғаған қариялар екі ұлттың арасындағы достықтың жарқын сәттері туралы әңгімелеп, сол үйлесімділік алдағы уақытта жалғаса беретініне сенім білдірді. Құшақ ашып, қол ұстасқан достық соңы естелік суретке түсіп, мәз мейрам болып тарқасты.


Айта кету керек, аудан прокуратурасының ұлтаралық келісім жоспар-жобасын жүзеге асыру барысында аудан әкімдігінің қолдауымен жарыққа шыққан дүние жуырда барша көрерменге жол тартпақ.