Сенатор эфирде көрсетілетін кез-келген контенттің ұлттық құндылықтар қағидасына негізделуін талап етпейінше, қоғамдағы руханият деңгейі көтерілмейді деп санайды.
ERNUR.KZ. Сенатор Дана Нұржігіт үкімет басшысына депутаттық сауал жолдап, телебағдарламаларға қатысты заңнамалық өзгерістерді қабылдауды ұсынды, деп жазады sputnik.kz.
Сенатордың айтуынша, бүгінде кейбір бағдарламалар ұлттық ұстанымдарымызға қайшы келеді. Әсіресе, прайм-таймда, яғни, көрермен теледидарды көп қарайтын кешкі сағат 18:00–24:00 аралығында ұлттық санаға соққы болатын әрі халықтың ар намысына тиетін "хайптар" мен "сенсациялар" аз емес. Ал пандемия басталғаннан кейін алғашқы екі айдың ішінде Қазақстанда теледидар көретін адамдардың саны бірден 29 процентке өскен.
"Көрген көз ұялып, айтқан адамның аузы былғанатын оқиғалардың жай-жапсарын ел болып талқылайық" деген жүргізушілердің сөзінен не кейіпкерге деген жанашырлық, не қоғамға айтар даналық көрген жоқпын. Ал осы хабарлардың қоғам санасына қандай әсері болады?", – деді Нұржігіт сенаттың жалпы отырысында.
Осы орайда сенатор рухани құндылық пен коммерциялық сұраныстың арасындағы тепе-теңдікті сақтау оңай емес екенін де ерекше атап өтті. Ондайда кейбір журналистер хабардың рейтингін ұлттық құндылықтардан жоғары қоюға мәжбүр. Содан жаға ұстатар "Астарлы ақиқат" хабарлары құнды болып кетеді. Өйткені ақшаны хабардың рейтингісіне қарай құяды.
"Мұндайда қайтпек керек? Мысалы, Жапонияда отандық телеарналардың жұмысы ұлттық құндылықтар тұрғысынан заңмен бақыланады және реттеледі. Басты талаптар – ұлт мәдениетін, рухын көтеру, төл құндылықтарды сақтап, дәріптеу, заманауи жаңалықтарға отандастарының қосқан үлесін насихаттап, мақтан тұту. Ал Қазақтанның ақпарат саласындағы заңнамасында телеарналардың басты қағидаты болуға тиісті "ұлттық құндылықтарды сақтау, дәріптеу, насихаттау" деген ұғым-түсінік жоқ", – деп атап көрсетті Нұржігіт.
Сенатордың ойынша, отандық арналардың барлық иелерінен эфирде көрсетілетін кез-келген контенттің ұлттық құндылықтар қағидасына негізделуін талап етпейінше қоғамдағы руханият деңгейі көтерілмейді.
"Былай жалғаса, ұрпақ азғындайды, ұлт тозады. Қазақстан Республикасының Үкіметінен халықаралық тәжірибені зерттей отырып, жоғарыда аталған талапты көздейтін нормаларды заңнамада қамтып, тиісті заңнамалық актілерге қажетті өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесін қарастыруды сұраймын", – деді Нұржігіт.