Жетісу облысы Жаркент қаласында былтыр желтоқсан айында 18 жастағы сарбаз қайтыс болды.
ERNUR.KZ. Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Жаркент қаласында көз жұмған 18 жастағы сарбаздың өліміне қатысты түсініктеме берді, деп жазады sputnik.kz.
Жетісу облысы Жаркент қаласында былтыр желтоқсан айында 18 жастағы сарбаз қайтыс болды. Ол мерзімді әскери қызметке 2023 жылы күзде шақырылған.
Қорғаныс министрінің айтуынша, жас жігіт менингиттен көз жұмды.
"Бұл – менингит ауруы. Тез асқынатын формасы", – деген министр марқұмның туыстарына көңіл айтты.
Алайда сарбаздың ата-анасы бұл диагнозбен келіспей отыр.
"Мен де әкемін. Оларды жақсы түсінемін. Бұл – бәріміз үшін орны толмас қайғы. Бірақ ажалдың аты ажал", - дейді ведомство басшысы.
Жақсылықов сот-медициналық сараптама диагнозды растағанын атап өтті.
Министрдің айтуынша, осы трагедиядан кейін жас сарбаздарды әскери бөлімшеге келгенде менингококк инфекциясына тексеру жоспарланып отыр.
"Осы оқиғадан кейін мен шешім қабылдадым, ақша бөлініп те қойды. Енді жас жігіттер әскери бөлімшеге келген бойда барлығын менингококкқа тексереміз", –деді Жақсылықов.
Бұған дейін Жаркентте көз жұмған сарбаздың әкесі бас прокуратурадан осы істі тергеуді ерекше бақылауға алуды сұраған еді.