Департамент бастығы сонымен қоса кездесуге қатысушыларға көктемгі әскерге шақыру барысы және әскерде қызмет еткен азаматтарға берілетін жеңілдіктерге тоқталды.
Ақпараттық-түсіндіру топ Түркістан облысының Арыс қаласында болды, деп жазады ERNUR.KZ.
Кездесу жергілікті атқарушы билік әкімдігінің, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттер басшыларының, мектеп директорларының және қоғам өкілдерінің қатысуымен өтті.
ҚР Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев биылғы жылдың бірінші сәуірінен бастап әскери бөлім маңайын оқ-дәрілер фрагменттерінен тазарту жұмыстары қайта басталатынын мәлімдеді.
“Қорғаныс министрлігі жарамсыз оқ-дәрілерді қауіпсіз сақтауды қамтамасыз ету мен оларды кәдеге жарату бойынша жұмыс жүргізуде. Оларды сақтау объектілерін жетілдіру шаралары қабылдануда. Бұл іс-шаралар «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасын іске асыру аясында жоспарлы түрде жүзеге асырылып келеді”, – деп атап өтті әділет полковнигі Т. Басқожаев.
Қорғаныс ведомствосының өкілі бұл шараға саперлік бөлімшелер жұмылғанын хабарлады. Жиналған оқ-дәрі қалдықтары жару әдісімен жойылады. Бақыланатын жарылыстар елден тыс жерлерде, арнайы бөлінген шалғай учаскеде жүргізілетін болады. Жүргізіліп жатқан жұмыстар жергілікті тұрғындарға қауіпті емес.
Департамент бастығы сонымен қоса кездесуге қатысушыларға көктемгі әскерге шақыру барысы және әскерде қызмет еткен азаматтарға берілетін жеңілдіктерге тоқталды.
Ол әскери қызмет өткеру кезеңінде борышын өтеуші сарбаз ай сайынғы несие төлемдерінен босатылатынын айтты. Ал қызмет аяқталғаннан кейін запасқа шығарылған адам екі жыл ішінде ҰБТ тапсырмай, ақылы түрде ЖОО-ға түсу құқығын пайдалана алады. Қызмет барысында жауынгерлік және мемлекеттік-құқықтық дайындықта үздік нәтиже көрсеткендер мемлекеттік грантқа ие болады. Бұл құқықты олар бір жыл ішінде пайдалана алады.
Кездесу соңында әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев көпшіліктің сұрақтарына жауап берді.