"Көріпкелдерге де бардық": Орал тұрғыны үш жыл бұрын жоғалған ұлын іздеп жүр

0
624

Әкесі ұлының екі жоғары білімі бар, шахматтан спорт шеберіне кандидат және өте сабырлы екенін айтады.


ERNUR.KZ. Оралда ер адам үш жыл бұрын жоғалған ұлын іздестіріп жүр, деп жазады Tengrinews.kz.

38 жастағы Аслан Бауенов 2019 жылдың 12 қыркүйегінде үйінен шығып, оралмаған. Әкесі ұлын тірі және сау деген ойдан үміт үзбейді.

Нәжмеден Бауеновтың айтуынша, ұлының екі жоғары білімі бар, шахматтан спорт шеберіне кандидат, өте сабырлы адам.

"Біз Асланды 13 қыркүйекте Подстепное ауылында көрген куәгерлерді таптық, ол өзінің туған жері Сырым ауданына қайтып, сол жерде егіншілікпен айналысқысы келетінін айтқан. 14 қыркүйекке дейін барған жерін анықтадық. Жымпиты арқылы Талдыбұлақ ауылына барған. Одан кейін Александровка ауылында оны Алатауға қарай басқа көлік жеткізіп тастаған. Бірақ ол жерде қалмай, 14 қыркүйекте басқа көлікпен кеткен. Оны соңғы рет сол күні түскі ас ішкен "Сапар" кафесінде көрген. Содан кейін ол жоғалып кетті. Біз оның ізін таппадық. Ешкіммен араласпайды. Біз полицияға, түрлі БАҚ-қа, телебағдарламаларға хабарластық. Тіпті көріпкелдерге де бардық. Олар "ұлың үйленді" дейді. Үш жылдан кейін, әрине, бәрі мүмкін. Бірақ жоғалған кезде ол бойдақ, ешкіммен кездеспейтін және шаруа қожалығымен айналысқысы келген", - дейді ер адам.


Жоғалған адамның белгілері: бойы – 175 см, шашы қара, арық денелі, оң жақ қасында кішкентай мең бар. Ақ бас киім, көк джинсы, ақ кроссовка, сұр күртеше киген.

Аслан Бауеновты көрген-білгендер болса, 8-775-412-79-84 немесе 8-771-565-10-92 телефондарына хабарласа алады.