Жерасты дүмпулерінің эпицентрі Қырғызстан аумағында, Алматыдан шамамен 465 шақырым оңтүстік-батыста орналасқан.
ERNUR.KZ. 6 қазан, дүйсенбіге қараған түні Қазақстанның оңтүстігінде жер сілкінісі тіркелді. Қазақстандықтар жер сілкінген сәтте түсірілген бейнежазбалармен бөлісуде, деп жазады baq.kz.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, жерасты дүмпулерінің эпицентрі Қырғызстан аумағында, Алматыдан шамамен 465 шақырым оңтүстік-батыста орналасқан.
Жер сілкінісінің ошағы 10 шақырым тереңдікте болды. Энергетикалық класы – 13,3, магнитудасы – 5,9, – делінген хабарламада.
Жер сілкінісі Қазақстанның бірнеше өңірінде сезілген. MSK-64 шкаласы бойынша (жер сілкінісі күшін бағалау шкаласы) дүмпулердің қарқындылығы 2-ден 4 баллға дейін болған.
Әр өңір бойынша жер сілкінісінің сезілу күші төмендегідей болды:
Сезілу аймақтары
4 балл — Бауыржан Момышұлы ауылы, Тараз, Сарыкемер, Аса қалалары (Жамбыл облысы), Тұрар Рысқұлов ауылы мен Ленгер қаласы (Түркістан облысы);
3 балл — Қаратау, Шымкент қалалары, Манкент, Ақсукент, Құлан, Меркі, Қазығұрт, Темірлановка, Шаян ауылдары және Түркістан мен Жамбыл облыстарының бірқатар аудандары;
2 балл — Жаңатас, Сарыағаш, Арыс, Шу, Кентау, Түркістан, Шардара қалалары, Мырзакент кенті және басқа да елді мекендер.
ҚР ТЖМ мәліметінше, алдын ала деректер бойынша қираулар мен зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ. Құтқарушылар жедел штаб құрды.