«Қорқыт Ата» жаңа арнайы экономикалық аймағы ашылды

0
102

АЭА аумағында салықтық және кедендік жеңілдіктер ұсына отырып, арнайы құқықтық режим әрекет ететін болады.


«Қорқыт Ата» жаңа арнайы экономикалық аймағы ашылды

ERNUR.KZ. Елімізде «Қорқыт Ата» жаңа арнайы экономикалық аймағы (АЭА) құрылды. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды. Құжатқа сәйкес, АЭА Қызылорда облысында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізіне жақын 550 гектар аумақта орналасады, деп хабарлайды Primeminister.kz.

Арнайы экономикалық аймақ аумағында заманауи өнімділігі жоғары, бәсекеге қабілетті өндірістерді жедел дамыту, қызмет көрсетудің сапалы жаңа деңгейін қалыптастыру, инвестиция тарту, экономика саласында жаңа технологиялар енгізу, сондай-ақ халықты жұмыспен қамтуды арттыру үшін мүмкіндіктер жасау жоспарлануда. АЭА-ның «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізіне жақындығы Қазақстан мен Орталық Азия нарықтарында өнімді тиімді өткізуге мүмкіндік береді.

АЭА аумағында салықтық және кедендік жеңілдіктер ұсына отырып, арнайы құқықтық режим әрекет ететін болады.

2049 жылға қарай АЭА-ға салынатын инвестицияның жалпы көлемін 150 млрд теңгеге, шетелдік салымдарды – 80 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Тауарлар өндіру мен қызмет көрсету көлемі 500 млрд теңге деңгейінде болжануда. Қазақстандық қамту үлесі – 90%-ға дейін жетеді.

25 жыл ішінде АЭА кәсіпорындарында 3 366 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген, қатысушы компаниялардың саны 39-ға жеткізіледі.

Сондай-ақ мультимодальды әуе хабтарын құру жөніндегі іс-шараларды іске асыру шеңберінде және кеден заңнамасының талаптарына сәйкес, аталған қаулымен «Оңтүстік», «Астана – Технополис», «Сарыарқа», «Alatau» және «Ақтөбе» АЭА-ға порт аймақтары мәртебесі берілді.