Бүгінде Алматыда 204 504 адамға вакцина салынған.
ERNUR.KZ. Алматылықтарға мешіттер мен шіркеулерде екпе салына бастады. Бұл туралы №8 қалалық емхананың бас дәрігері, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы Алмалы ауданы медициналық бірлестігінің үйлестірушісі Фарида Ағыбаева айтты, деп жазады nur.kz.
Екпе егу пункттері төменде көрсетілген діни орындарда ұйымдастырылған:
"Қалқаман" (Наурызбай ауданы, Аспандияров, 84);
"Нұр" (Наурызбай ауданы, Дәулеткерей, 118).
30 сәуірге дейін мешіттердің аумағында тағы бірнеше екпе пунктін ашу жоспарлануда:
"Музаммиль" (Әуезов ауданы, Яссауи, 90);
"Әл-Мадина" (Жетісу ауданы, Федоров, 12);
"Абдулла" (Түрксіб ауданы, Баймағамбетов, 183а);
"Алматы орталық мешіті" (Медеу ауданы, Пушкин, 16).
"Алматы орталық мешітіндегі" вакцинация пункті жылжымалы және ұжымдық қызмет кезінде жұмыс істейді.
Сондай-ақ православие шіркеуінде де екпе салу орындары ашылған - Вознесенск кафедралы шіркеуі (Медеу ауданы, Гоголь, 40) және Құтқарушы Мәсіхтің шіркеуі (Алатау ауданы, Райымбек, 493). Олар жексенбі күндері жұмыс істейді.
Бүгінде Алматыда 204 504 адамға вакцина салынған. Оның 2016-ы отандық QazVac вакцинасын таңдапты. Бүгінде қалада 211 екпе егу пункті істеп тұр.
Еске сала кетсек, Қазақстанда өткен тәулікте коронавирус жұқтырған 2883 адам тіркелді.
Ауру жұқтырғандардың басым көпшілігі Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында тіркелген.
Жалпы ел бойынша COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар саны 316 965-ге жетіп отыр.