Коронавирус қандай ауруларды қоздырады

0
1 334

Ғалымдар коронавирустан қайтыс болған адамдардың тамырларын микроскоп көмегімен зерттеген кезде өкпе, бүйрек, жүрек, ми тамырларында қан ұюдың жиі кездесетіндігін байқаған.


Коронавирус қандай ауруларды қоздырады

ERNUR.KZ. Коронавирус алғаш тараған сәтте әлемдік медицина қауымдастығында бұл вирус ауыз, мұрын қуысынан кіріп, тікелей өкпеге өтеді деген ортақ пайым болған еді. Алайда, уақыт өте келе осынау өте қауіпті індеттің ауыз, мұрын қуысы арқылы енгенімен, тамырдың ішкі қабырғаларына орналасу арқылы қан жеткізілетін органның барлығын зақымдайтындығын дәлелдеп отыр, деп жазады ҚазАқпарат.

Ғалымдар коронавирустан қайтыс болған адамдардың тамырларын микроскоп көмегімен зерттеген кезде өкпе, бүйрек, жүрек, ми тамырларында қан ұюдың жиі кездесетіндігін байқаған. Ендеше осынау қауіпті вирус адамда қандай ауруларды ушықтырып жіберетіндігі жайлы мамандар пікіріне назар аударып көрелік.

ҚР Президент іс басқармасы медициналық орталығының Нейрохирургия бөлімі меңгерушісі Мыңжылқы Бердіқожаев коронавирус індеті өршіп тұрған кезде ауруханаға ишемиялық инсультпен түскен науқастар саны артқанын айтады.


«Коронавирустың кесірінен жоспарлы түрде емін алуы керек науқастар уақытылы көмек алмады. Карантин аяқталғаннан кейін ол науқастар ауруы асқынған күйде келді. Оларды емдеу үшін көп ресурс керек болды. Тіпті ота жасау сәтіне жетпестен көз жұмып кеткендер болды. Коронавирус кезінде жүректің ишемиялық инсульті көбейіп кетті. Тромб үзіліп, ишемиялық инсультпен түскен науқастар саны артты», - деді ол.


Алматыдағы №36 қалалық емхананың жалпы тәжірибелік дәрігер бөлімшесінің меңгерушісі Асқар Жұманазаров коронавирус ол - ауа-тамшылы және жанасу-тұрмыстық тарату механизмі бар SARS CoV-2 коронавирусының жаңа штамынан туындаған жедел инфекциялық вирусты ауру екендігіне баса назар аударады.


«Бұл ауру ағзаға енгеннен кейін, жергілікті және жүйелік иммундық-қабынуды туындатады. Иә, қан ұйығыштықты арттырады, қан тамырлар қабырғасын өзгертіп шақырып, ауа жеткіліксіздігі байқалады. Бұл кіші және үлкен тромбоздың дамуына әкеледі.Сонымен қатар, өкпенің, жүректің, бүйректің, асқазан-ішек жолдарының, орталық және шеткі жүйке жүйелерінің асқыну қаупімен белгісі жоқ клиникалық түрден өте ауыр түрге дейін асқыну шақыратын аса қауіпті вирусты инфекция», - деді бөлімше меңгерушісі.


Ал Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінің денсаулық сақтау саясаты және алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту бөлімінің бастығы, медицина ғылымдарының кандидаты, эндокринолог-дәрігер Ержан Өтеулиев коронавирус созылмалы ауруларды қоздыратындығын атап өтеді.


«Қазір ковид күшейе түсті. Біз оны ауыр түрінде сезіне бастадық. Біз бұл инфекцияны халықаралық тәжірибеге жүгіне отырып зерттедік. Шынында да патогенезінде иммундық жүйе ояна бастаған кезде «цитокин дауылы» сияқты элементтер бар. Мұның бәрі қан тамырларының ішінде. Сондықтан алғашқы күндерден бастап антикоагулянттарды қолдана отырып қанды сұйылту қажет. Жалпы терапия жүргізу керек, өкпені жаттықтыру қажет. Әсіресе коронавирус инфекциясымен ауырған адамдар толық оңалтудан өтуі тиіс. Қанның ұюын бақылап отыру шарт. Өйткені оның одан әрі қоюлануы мүмкін фактілер бар және бұл басқа қан тамырлары ауруларының дамуына әкеледі, - деді ол.


Елордадағы №4 емхананың кардиологы Жанат Сұңқарбекова жүрек-қан тамырлары жүйесі проблемалары бар науқастар үшін COVID-19 қаупті екендігіне баса назар аудартады.


«Коронавирустық инфекциямен ауыратын науқастарда сөзсіз болатын гипоксия жағдайында жүрек-қан тамырлары аурулары бар науқастарға COVID-19-ға төтеп беру қиын. Сонымен қатар вирус гиперкоагуляцияға және тромбозға бастапқы бейімділікке ие. Коронавируста тромбоздың даму қаупі жоғарылағанда, бұл жағдай ушығады», - деді Жаннат Сұңқарбекова.


Айта кетерлігі, бүгінде коронавирус инфекциясын бастан кешірген кейбір пациенттерде созылмалы шаршау синдромы байқалатындығын анықталды. Мұның себебін түсіндірген Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы төрағасының міндетін атқарушы Махаббат Бекбосынова пациенттің жай-күйін барынша жан-жақты бағалауға мүмкіндік беретін Чадера деп аталатын шкала бар екендігін айтады.


«Пациент өзін не мазалайтынын түсіндіре алмаған, бірақ қалыпты өмірге орала алмай жүргенін түсінген кезде созылмалы шаршауға ұшыраған деуге болады. Міне осы кезде аталған шкала сол пациенттің жай-күйін шынайы бағалауға мүмкіндік береді. Шкалада 11 балл бар. Пациенттің жай-күйі 3 баллаға дейін болса, онда қалыпты саналады. Ал 4-тен 11 баллға дейінгі аралық пациентте қандайда бір проблеманың бар екендігін білдірді және оған неврологқа немесе психотерапевтке қаралуы қажет. Шындығына келгенде бізде коронавирусты бастан кешірген паценттерді тексеру хаттама бар. Ол зертханалық, сонымен қатар инструменталды зерттеу әдістерін қамтиды. Пациент қанынан жалпы сараптама аламыз. Өйткені, қан иммундық жүйенің қандай жағдайда екенін жақсы көрсетіп береді. Лейкопения мен лимфоцитопения бақылауында әлі күнге дейін тұрған пациенттер бар.Коронавирусты бастан кешіргендеріне 2-3 ай өтсе де бұл пациентердің иммундық жүйесінде проблема бар деген сөз», - деді Махаббат Бекбосынова.