Коронавирус инфекциясын жұқтырғаны 7 сәуір күні мәйітті зерттеуден кейін белгілі болған.
ERNUR.KZ. Ақмола облысында коронавирустан қайтыс болған әйелдің бұған дейін КВИ жұқтырып көз жұмған ер адаммен байланыста болғаны анықталды, деп жазады тengrinews.kz.
Бұл туралы Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сүлен Ілиясов айтты.
"Соңғы мәліметтер бойынша тағы бір тұрғыннан коронавирус анықталды. Облыста жалпы 43 науқас тіркелді. Үш адам қайтыс болды. 6 сәуірде Целиноград ауданының тұрғыны қайтыс болды. Ол 1929 жылы туған. Әйел бұған дейін көз жұмған ер адаммен (1947 жылы туған - ред.) байланыста болған. 216 адаммен байланыс жасаған. Коронавирус инфекциясын жұқтырғанын 7 сәуір күні мәйітті зерттеуден белгілі болды", - деді ол.
Басқарма басшысының айтуынша, қайтыс болған әйелдің бірнеше ауруы болған, оның ішінде созылмалы бронхит бар.
"2019 жылдан бастап жасы ұлғайғаннан кейін жүрегі мен тыныс алу жолдарының жағдайы нашарлаған. Ол үнемі төсек тартып жатқаннан кейін оның жағдайы одан сайын қиындаған. 2020 жылғы 1 сәуірде жағдайы тағы нашарлап, тыныс алуы қиындаған. 6 сәуірде қайтыс болды", - деді Ілиясов.
Айта кетейік, соңғы мәліметтер бойынша елімізде коронавирус жұқтырған 709 адам тіркелді. Олардың 53-і емделіп шықты, 7 адам қайтыс болды.