Көші-қон саласында өзгеріс көп

0
321

Астана, Алматы мен Шымкент қалаларына 170 мыңнан астам адам көшіпті.


Көші-қон саласында өзгеріс көп

Биылғы жылдың басында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері көші-қон саласындағы жұмыстар жайлы ресми мәлімдеме жасап, 2027 жылға дейінгі тұжырымдама қабылданғаны және ол құжат аясында жұмыстар жеті бағыт бойынша жүргізілетінін хабарлаған. Сондай-ақ, соңғы он жылды есепке алғанда былтыр ғана аталған салада оң өзгеріс байқалғанын мәлім етіп, 23 000 адам келсе, 15 000 адам елден кеткенін хабарлады. Елге келгендердің басым бөлігі білімді, мамандық меңгерген адамдар екен. Сонымен бірге, ел ішіндегі көшіп-қону процесі де оң нәтиже көрсеткен. Яғни, халық тығызх орналасқан өңірлерден жұмыс күші жеткіліксіз өңірлерге қоныс аударушылар көбейген.


Көші-қон комитетінің төрағасы сондай-ақ ішкі көші-қонда еңбек ұтқырлығындағы белсенділіктің өсуі байқалатынын атап өтті. Одан бөлек, еліміздегі ең үлкен үш мегаполис Астана, Алматы мен Шымкент қалаларына 170 мыңнан астам адам көшіпті.


Ведомствоның мәліметіне сүйенсек, сұранысы мол кәсіп түрлерін меңгерген қандастарға Қазақстан Республикасында өмір сүретін мол мүмкіндік сыйлатын «Ата жолы» атты бағдарлама бүгінде жемісті түрде жүзеге асуда. Бұл жобаға Ресей, Моңғолия, АҚШ, тіпті Еуропа елдеріндегі қандастарымыз да қызығатын көрінеді. Оған қоса, 2024 жылы шетелден жұмыс күшін елге кіргізу үшін жиырма екі мың квота қарастырылған.


Ресми деректерге сүйенсек, 2023 жылы Қазақстанға 21 мыңнан астам қандас оралып, олардың арасындағы 13 мыңға тарта азамат еңбекке бейімделіп, жұмыспен қамту бағдарламаларына тартылған. Айта кетерлік жәйт, бүгінде қандас мәртебесін алу үшін мобильді қосымша арқылы өтініш беру жеткілікті. Жұмысты жеңілдетуге мүмкіндік беретін қосымша– eQonaq деп аталады. Ал «қандас» мәртебесін алған азаматтарды қоныстандыру жұмыстары олардың мамандық игерулері мен қабілеттері, отбасылық жағдайлары сынды ерекшеліктеріне байланысты кез келген өңірге жіберу, туыстары бар өңірлерге жіберу, ел үкіметі белгілеген облыстарға жіберу, жұмыс күші жетпейтін ауыл немесе қалаларға жіберу сынды бірнеше бағытқа бөлінеді. Еліміздегі университеттерде оқитындар үшін де арнаы бағыт қарастырылған.


Одан бөлек, бүінгі таңда жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге халық тығыз орналасқан жерлердің тұрғындарын көшіру жұмыстары қарқын алған. Соның нәтижесінде өткен жылы жұмыс күші тапшы жерлерге тоғыз мыңға жуық адам көшіп барған. Оларға мемлекет тарапнан түрлі қолдаулар жасалып та жатыр.


Сондай-ақ, министрлік бірер ай бұрын жұмыс істеу үшін көшіп келетіндерге қатысты ережелерді жетілдіретін өзгерістер дайындалғанын хабарлады. Ол жобада қай елдің азаматтары үй шаруашылы бағытында жұмыс істеуге рұқсат алатындығы, төленетін салық көлемі, рұқсат беру немесе бермеу негіздері айқындалған.


Одан бөлек, жуырда ведомство ел ішіндегі көші-қон және «қандастарды» орналастыруға қатыс қағидаларға да түзетулер жасады.Бұл өзгертулерді дайындау барысында саладағы қордаланған мәселелер мен құзіретті органдардың ескертулері назарға алынған.


Сондай-ақ, министрлік көшіп барушылар мен «қандастарды» өңірлердегі квотаға қосу және ерікті түрде қоныс аударуға мемлекет тарапынан қолдау көрсету жұмыстары келер жылдың көктемінен бастап автоматты режимге көшірілмек. Осы арқылы қызмет алушы мен қызмет көрсетуші арасындағы қарым-қатынас стандартты режимге көшіп, «бармақ басты, көз қысты» әрекеттердің алдын алуға мүмкіндік молаймақ.


Қазіргі таңда елімізде 14 мыңға жуық шетелдік жұмыс істеп жатыр екен. Оларды 1800-ге жуық жұмыс беруші еңбекпен қамтыған. Бес мыңнан астамы құрылыс, бір жарым мыңнан астамы түрлі шаруашылық, мыңнан астамы өндіріс сынды салаларда жұмыс істеп жүр. Көпшілігі Қытай, Өзбекстан, Түркия, Үндістан елдерінен келген.


Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ