Қостанай облысы карантинге жабылады

0
642

Облыс 17 сәуір сағат 00.00-ден 1 мамыр сағат 07.00-ге дейін карантинге жабылады.


Қостанай облысы карантинге жабылады

ERNUR.KZ. Жедел штабтың отырысынан кейін Қостанай облысын карантинге жабу туралы шешім қабылданды, деп жазады Tengrinews.kz.

Штаб мәліметінше, Қостанай облысы 17 сәуір сағат 00.00-ден 1 мамыр сағат 07.00-ге дейін карантинге жабылады. Өңір әкімі Архимед Мұхамбетов тұрғындарды карантин ережелерін сақтауға шақырды. Ол мұның халықтың коронавирус жұқтыруын алдын алу үшін жасалғанын айтты.
Облыстың бас санитар дәрігері Владимир Нечитайлоның қаулысында карантин кезінде тұрғындардың басқа елді мекендерге бара алмайтыны, сондай-ақ, таксимен қатынауға тыйым салынатыны айтылады. 500 метр қашықта орналасқан дүкендерге ғана баруға болатыны айтылған.
"Құрметті қостанайлықтар! Бүгін жедел штаб отырысы өтті. Денсаулық сақтау саласының мамандарын тыңдай келе, 17 сәуір күні сағат 00.00-ден бастап 1 мамыр сағат 07.00-ге дейін облыс аумағында карантин енгізу туралы шешім қабылданды. Бұл халықты коронавирустық инфекциядан қорғау үшін мәжбүрлі шара екенін атап өткім келеді. Мұндай тәжірибе Қазақстанның басқа облыстарында қолданылып жатыр. Ең алдымен карантин режимі бізге барлық байланысқа шектеу қоюға және қауіпті вирустың таралуына жол бермеуге мүмкіндік береді. Қазір дәрігерлер, полиция қызметкерлері және тіршілікті қамтамасыз ету кәсіпорындарының қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс жасауда. Мен барлықтарыңызды олардың еңбектеріне құрметпен қарауға шақырамын. Біз Сіздермен бірге қолымыздан келгенше оларға көмек көрсете аламыз", - деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, әкім облыстың барлық тұрғынын карантин жағдайына барынша байыпты қарауды сұрады.
"Қымбатты қостанайлықтар! Өздеріңізді және жандарыңызға жақын жандарды қорғаңыздар! Әрбір отбасыға амандық, барлық қостанайлықтарға мықты денсаулық және сенімділік тілеймін. Біз қаншама рет қиындықтарды бастан өткердік, бірақ әрдайым тек алға жүрдік. Біз барлығын жеңеміз және осы жолы да жеңіске сөзсіз жетеміз. Біз біргеміз!", - деді ол.