​Қостанай облысында су тасқыны кезінде 4 жарым мың адам қауіпсіз жерге көшірілмек

0
1 326

Облыста су тасқынынан қауіп төнуі мүмкін 96 елді мекен есепке алынған.


​Қостанай облысында су тасқыны кезінде 4 жарым мың адам қауіпсіз жерге көшірілмек

ERNUR.KZ. Биыл Қостанай облысында қар көп түсті. Енді өзен-көлдер арнасынан асып тасуы мүмкін деген қауіп бар. Өңір бойынша көктемгі су тасқыны кезінде 4 жарым мың адам қауіпсіз жерге көшірілмек, Жалпы қызыл суға қарсы тұру шараларына 442 миллион теңге бөлінген, деп жазады «Хабар 24».

Данияр Сұлтанұлы, тілші:

– Облыста су тасқынынан қауіп төнуі мүмкін 96 елді мекен есепке алынған. Ол аймақтардағы жағдай қазір қатаң бақылауда. Мәліметтер сағат сайын тіркеліп, тиісті орындарға хабарланып отыр. Өңірде әлі қар еріп, су таси қойған жоқ. Десек те, мамандар қалыптасқан жағдайға сақтықпен қарау керектігін айтады.

Руслан Орынбеков, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:

– Барлық су қоймалардың 75 проценті толып отыр. Яғни әлі 25 проценттей су жинауға мүмкіндігіміз бар. Бұған ешқандай үрей тудырудың қажеті жоқ. Себебі біздегі жыл сайынғы қалыптасып отырған жағдайға қарағанда бұл су қоймалардың барлығы 100 процент ешқашан толмаған. Бес аудандағы өзен-көлдердегі 58 мың текше метр аумақта мұз жару жұмыстары жүргізіледі. Осылайша судың өз арнасымен еркін ағуына мүмкіндік жасалмақ.

Лариса Кузьмина, «Қазгидромет» РМК ҚФ директоры:

– Биыл қардың қалыңдығы 24 сантиметрге дейін жетеді. Өткен жылға қарағанда, бұл – жоғары норма. Қардың мөлшерін 3 күн сайын тексереміз. Тобыл, Қарасу, Торғай, Обаған өзендеріндегі жағдай қазір қалыпты деңгейде. Қазіргі таңда облыста тасқыннан зардап шеккендер үшін 100-ден астам нысан дайындалған. Әскери шатырлар әрі асхана, әрі баспана, сонымен қатар медициналық бекет қызметін атқарады.

Руслан Орынбеков, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:

– Жеке шаруашылық қожалықтарымен, басқа да мемлекеттік органдарымен келісімшарттар жасалды. Төтенше жағдай болғанда зардап шеккен халыққа азық-түлік немесе қауіпсіз жерге көшірілген үй жануарларына тиісті жем-шөбін жеткізу мақсатында 44 меморандум жасалған болатын.

Данияр Сұлтанұлы, тілші:

– Су тасқынынан қауіп өңірде наурыз айының соңы мен сәуір айының ортасында күшейеді деп болжам жасалып отыр. Осы айдың соңында ғарыштық мониторниг жасалып, әуеден барлау жұмыстары қолға алынады.