Қостанай өңірінде тұрмыс сапасы артып келеді - ҰЛТТЫҚ ЖОБА

0
281

2022 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерге қатысты оң динамика тіркелген.


Қостанай өңірінде тұрмыс сапасы артып келеді - ҰЛТТЫҚ ЖОБА

Еліміздің әр өңірін дамыту күн тәртібінен түскен емес. Осы орайда біршама уақыт бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жобаны іске асыру жұмыстары қолға алынған еді. Бірнеше министрлік біріге дайындаған жобаның негізгі мақсатыәрбір өңірдің даму көрсеткішін, экономикасын ілгерілетіп, мемлекет басшысы ұстанған «тұрғындарға жайлы өмір сүру ортасын құру» саясатын іске асыру. Тиісінше, ел бюджетінен қаржы бөлініп, бүгінде жоспарланған жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы орайда Қостанай облысында атқарылып жатқан жұмыстарға шолу жасамақпыз.


Қостанай облысы әкімдігінің ақпаратына сүйенсек, Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстар өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішіне, оның ішінде өңір тұрғындарының табысы мен өмір сүру сапасын жақсартуға оң әсер етіп жатыр. Мәлімдемеге сүйенсек, 2022 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерге қатысты оң динамика тіркелген.


Соның ішінде өңдеу өнеркәсібінде, атап айтқанда машина жасау саласында айтарлықтай өсім байқалады. Дәлірек айтсақ, жеңіл автокөліктердің шығарылатын үлгілерінің желісі үнемі кеңейіп келеді. Мәселен, өңірде 6 айда 31 мың автокөлік құрастырылса, оның 1200-ге жуығы экспортқа шығарылған. Осы орайда елімізде құрастырылған автомобильдердің 62 пайызы Қостанай облысының зауыттарына тиесілі екендігін айта кету керек.


Бүгінде өңірде инвестициялық жобаларды іске асыру жұмыстары да ерекше бақылауға алынған. Өйткеніғ инвестиция тарту – ел экономикасының негізгі драйверлерінің бірі. Бүгінгі таңда облыс аумағында 1,8 трлн. теңгеден астам қаржыға 52 жобадан тұратын пул құрылған. Ол жобаларда 8 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары ашылған.


Биылғы жылы Қостанай облысында ауыл шаруашылығы саласын қолдауға 101,2 млрд. теңге бөлінген. Тиісінше, биылғы жаздық егіс көлемі 4,8 млн. гектарды құрады. Оның 3,9 млн. гектарына дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар егілген.

Сондай-ақ, 2022 жылы елдімекендердегі 550 шақырымнан астам жолдар мен 224 көшені жөндеу жоспарланған. 2022 жылдың қорытындысы бойынша облыс әкімдігі жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының үлесін 78 пайыздан 85 пайызға дейін жеткізуді жоспарлаған.ауылдар


Сонымен қатар, биыл "Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері" ұлттық жобасы және "Ауыл Ел бесігі" жобасы аясында сумен жабдықтау және су бұру бойынша 48 жобаны іске асыруға 20,5 млрд.теңге бөлінген. Одан бөлек, білім беру саласына бөлінген қаржы көлемі 149,1 млрд. теңгені құраса, 5,5 млрд. теңгеге 3 мектептің құрылысы жүріп жатыр және 105 білім беру ұйымдарында 6,7 млрд. теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Осы орайда өңірдегі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтсек.



ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ

Қостанай облысында мүлік иелері бірлестіктері (МИБ) мен жай серіктестіктер (ЖС) реформасын енгізу бойынша да жұмыс жүргізілуде. Бұрын қолданыста болған ПИТК мен ПИК(Т)-ті тұрғындардан көптеген шағымдардың түсуіне байланысты жою болжанып отыр. Атап айтқанда, шағымдар көрсетілетін қызметтер мен орындалған жұмыстардың сапасыздығына, кірістер мен шығыстар бойынша есептілікті ұсынбауға, сондай-ақ ҚР заңнамасының өзге де бұзушылықтарына байланысты болған. Тиісінше, 2022 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша облыста 267 МИБ және 2 184 ЖС тіркелген. Бұл реформа адамдарға өзінің көп пәтерлі тұрғын үйін дербес басқаруға, жұмыстарды немесе қызметтерді орындау үшін сервистік ұйымдармен шарттар жасасуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, көп пәтерлі тұрғын үй тұрғындары кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін басқару бойынша қызметтер көрсету үшін басқарушы компаниялармен немесе басқарушы менеджерлермен шарт жасай алады.



СУМЕН ЖАБДЫҚТАУ ЖӘНЕ СУ БҰРУ

Бүгінгі таңда Қостанай облысында 526 елдімекен болса, олардың 9-ы қалалық және 517-сі ауылдық жерлерде. Атап айтсақ, сумен жабдықтау қызметтерімен қала халқының 98 пайызы (504,7 мың адамның 494,6 мыңы) және ауыл халқының 74,9 пайызы (353,2 мың адамның 264,5 мыңы) қамтамасыз етілген. 517 ауылдың 305-і немесе 59 пайызы, дәлірек айтсақ, орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесі арқылы 180 ауыл, суды тарату және тазарту пункттері арқылы 21 ауыл, су тарату пункттері арқылы 104 ауыл сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізе алады. 212 ауыл сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділікпен қамтамасыз етілмеген. Оның ішінде 15 ауылға ауызсу әкелінсе, 197 ауыл орталықтандырылмаған сумен, яғни ұңғымалар мен құдық суымен қамтамасыз етілген.

Тиісінше, Мемлекет басшысының халықтың сапалы ауызсумен толықтай қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау үшін 2025 жылдың соңына дейін ауыл тұрғындарын сумен қамтамасыз ету бойынша кешенді жоспар әзірленген. Осы жоспар шеңберінде сумен жабдықтау жүйелерін салу және қайта құру, сондай-ақ әкелінетін суды тарату жіне тазарту пункттерін орнату жүзеге асырылады.


Айта кетсек, өткен жылдың қорытындысы бойынша 2020 жылмен салыстырғанда облыс халқын сумен жабдықтау көрсеткіші өскен. Мәселен, ауыл халқын ауызсумен қамту көрсеткіші 10,2 пайызға артса, қала халқын қамту көрсеткіші 98 пайызға жеткен. Осы орайда 2021 жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен халық саны аз 104 ауылда 409,1 млн. теңге қаржыға су тарату пункттерін орнату бойынша пилоттық жоба іске асырылған.


Ал, биыл «Қуатты өңірлер - ел даумының драйвері» ұлттық жобасы аясында 48 жобаны іске асыруға 20,1 млрд. теңге қаражат бөлінген. Оның ішінде ауылдарды сумен жабдықтау үшін 39 жобаға 14,4 млрд. теңге, қаланы сумен жабдықтауға 4 жобаға 3,9 млрд. теңге және қалалық су бұруға арналған 5 жобаны іске асыруға 1,8 млрд. теңге қаралған. Биыл 14 жобаны пайдалануға беру жоспарланған. Тиісінше, өңірде алғаш рет орталықтандырылған сумен жабдықтауға және суды тазарту мен тарату пункттеріне 19,5 мың адам тұратын 16 ауыл қосылады. 14 мыңға жуық адам тұратын 4 ауылда сумен жабдықтау жақсарды. Қостанай, Лисаковск, Арқалық қаласының Северный кентінің тұрғындарын сумен жабдықтау, Рудный қаласының тұтынушыларына су бұру жүйесі жақсартылады. Қалған 25 сумен қамтамасыз ету жобасы 2023 жылы жалғастырылады.


Жалпы, 2022 жылдың қорытындысымен облыс бойынша ауыл тұрғындарын сумен жабдықтау көрсеткіші едәуір өседі.



ЖЫЛУМЕН ЖАБДЫҚТАУ

2022 жылы Қостанай облысындағы жылумен жабдықтау саласында жалпы құны 5,3 млрд. теңгеден асатын 10 жоба іске асырылуда. Бұл жобалар Рудный және Лисаков қалаларының жылу желілерін қайта жаңартуға, Арқалық қаласындағы ЖЭО үздіксіз жұмысына, Қостанай және Жітіқара қалаларының қазандықтарын жөндеуге, Федоров ауданының орта мектебі үшін автономды жылумен жабдықтау көзін орнатуға мүмкіндік береді.



ТАБИҒИ ГАЗБЕН ҚАМТУ

Биыл «Өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Қостанай облысының елді мекендерін газбен жабдықтау бойынша 11 жобаны іске асыруға Ұлттық қор мен облыстық бюджет қаражатынан 4,518 млрд. теңге бөлінген. Нәтижесінде, биыл Қамысты ауданында Қамысты – Алтынсарин жоғары қысымды газ құбырының құрылысы аяқталып, Қамысты ауданының Алтынсарин ауылы газдандырылады.

Сондай-ақ, Әулиекөл ауданының Черниговка ауылындағы Әулиекөл – Құсмұрын газ құбырының құрылысы жалғасып, нысанның құрылысы 2023 жылы аяқталады. Және Қостанай ауданының «Бәйтерек», «Астана» және «Нұр Әлем» шағын аудандарында «Алаңнан тыс инженерлік коммуникациялар құрылысы. Газбен жабдықтау» жобасын іске асыру биыл нысан құрылысының аяқталуымен жалғасады.


Сонымен қатар, Қостанай облысы, Қарабалық ауданы, Гурьяновское ауылында газ тарату желілерін салу жобасын іске асыру басталып, нысан құрылысын 2023 жылы аяқталады. Жалпы, өңірді газбен жабдықтау перспективасына газ тарату желілерін салудың 7 жобасы әзірленген. Оған қоса, Әулиекөл ауданындағы Диевка ауылын газдандыру бойынша да жоба әзірленіп жатыр.


Атап өтсек, 2021 жылдың 12 қазанында Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен ел тұрғындары үшін қолайлы өмір сүру ортасын құруға негізделген «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы бекітілген. Сол базалық көрсетілетін қызметтерге тең қол жеткізу және көлік байланысын қамтамасыз ету атты екі бағыттан тұратын жобаның алғашқы бағыты бойынша ел азаматтарын тұрғын үймен қамту, коммуналдық секторды, жалпы инфрақұрылымды дамыту жұмыстары атқарылатын болып жоспарланған. Атап өтсек, бас жоспарда мыңнан астам көппәтерлі тұрғын үйді жөндеу үшін бюджеттік несие беру, 16 мың шақырым ауызсу, су бұру желілерін жүргізу және жөндеу, 46 су құбыры желісін, коммуналдық сектордың 7700 шақырым желісін, 785 шақырым ирригация желілерін қайта жөндеу жұмыстары қарастырылған. «Нәтижесінде, 2025 жылға қарай ел тұрғындары толықтай ауызсумен қамтылып, қала аумағын сарқынды судан тазарту мәселесі толыққанды шешіліп, инженерлік желілердің тозуы 12 пайызға дейін төмендейді. «Ауыл-Ел бесігі» жобасы арқылы ауылдарда 12 мың шақырым инженерлік желі, 10 мың шақырым кентішілік жолдар мен 1,5 мың әлеуметтік нысандар салынып, жөнделеді. Елдімекендердегі жолдардың барлығының сапасы жақсы және қанағаттанарлық деңгейге жеткізіліп, үш жарым мыңнан астам ауылдың инфрақұрылымы жақсарады. «Жайлы тұрғын үй» бағыты шеңберінде белгілі санаттара жататын 180 мыңнан астам адамның жалға алған тұрғын үйге кететін шығысын субсидиялау, жүз мыңнан астам әлеуметтік жалға берілетін және кредиттік, жұмыс істейтін жастар үшін 15 мың тұрғын үй салу, сонымен қатар, өз қызметкерлері үшін ауылдық жерден үй салған жұмыс берушілердің шығындарын жабу жұмыстары атқарылады. 103 млн. шаршы метр жаңа тұрғын үй пайдалануға беріліп, жеке құрылыс бастайтын тұрғындардың 235 мың жер телімі инфрақұрылыммен қамтылады» - делінген ұлттық жобаның төлқұжатында.

ERNUR.KZ