Қостанайда полиция қызметкерін жабылып ұрғандар 15 жылға сотталуы мүмкін.
ERNUR.KZ. Қостанай облысының прокуратурасы 28 наурызда «Береке» шағын ауданында болған полиция қызметкеріне шабуыл жасау дерегіне қатысты пікір білдірді, деп жазады baq.kz.
Қадағалау органының хабарлауынша, аталған дерек бойынша Қостанай қалалық полиция басқармасының Солтүстік бөлімі ҚР Қылмыстық кодексінің 380-бабы («Билік өкіліне қатысты күш қолдану») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын жүргізіп жатыр.
Бастапқыда қылмыстық құқық бұзушылық ҚР ҚК 380-бабының 4-бөлігі бойынша сараланған болатын, алайда кейіннен іс неғұрлым ауыр санатқа - 6-бөлікке қайта сараланды. Бұл баптың санкциясы 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады. Қостанай облыстық соты күдіктілерге қатысты 2 ай мерзімге күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. Қазіргі уақытта қылмыстық іс Солтүстік полиция бөлімінің өндірісінде. Дәлелдемелерді бекітуге бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде, - деп хабарлады Қостанай қаласы прокуратурасының сотқа дейінгі тергеп-тексеру және қылмыстық қудалау заңдылығын қадағалау бөлімінің аға прокуроры Әдижан ҚАСТАЙ.
Бұған дейін полиция қызметкерінің сол сәтте қызметте болмағанын және қасында кішкентай балалары болғанын хабарлаған еді.


